Рухани көшбасшы Бақтыгерей молла туралы не білеміз?


Бақтыгерей молла Шекенұлы 1912 жылы бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау обл.) облысы, Новобогат (Исатай) ауданы, Манаш ауылында дүниеге келген.

Әкесі Төлепұлы Шекен мал бағумен айналысқан орта деңгейдегі шаруа. Намазын оқып, оразасын ұстаған қарт қарапайым ғұмыр кешеді. Анасы Әтиярқызы Ермек бала-шағасына қарайласып үй шаруасымен шұғылданған қарапайым аналардан бірі.


Бала Бақтыгерей жасынан зерек, алғыр, мінезге ие болып ер жеткен. Оқуға жаны құштар боз бала ауыл молдасынан сабақ алады. Бұл Кеңес үкіметінің дінге қарсы саясаты күшін жоймаған шақ. Соған қарамастан қырдан ауылға келетін молда түнде қора секілді жұрт назарынан тыс жерге балаларды жинап, дін негіздерімен қатар намаз оқуды үйреткен екен.


Соғыс жылдарында тылда броньмен қалдырылып, майданға балық дайындау қызметіне тағайындалған. Атакәсіп балық аулау өнерінен қол үзбеген ол моторшы мамандығы бойынша білім алған.

Кейін еңбек жолында колхоздастыру кезіндегі шағын артельге алғашқылардың бірі боп кіріп, балықшы, қайықшы қызметін атқарды.

Жұбайы Жантасқызы Қалима 1915 жылы дүние есігін ашқан. 1943-1944 жылдар арасында Сталинград қаласын қирандылардын тазартуға қатысқан.


1955-1956 жылдары Каспий теңізінің тартылуына байланысты өзі дүние есігін ашқан Манаш ауылынан қала іргесіндегі Қызыл балық колхозына қоныс аударып, сол жерде талай жыл балық шаруашылығында еңбек етеді.

Бақтыгерей ақсақал жұмыс жасай жүріп те діннен қол үзбей намазын оқып, шариғат жолын ұстанған. Кейін лауазымы өсіп, кеме капитаны атанған қарт 1972 жылға дейін аталмыш колхозда еңбек еткен. Артынша сол жылы зейнеткерлікке шығады. Қарияның үш ұлы, бір қызы болған.

Үлкен ұлы Жүгініс (немесе Жүніс) бала кезінде қайтыс болған. Екінші ұлы Нәбидулла, қәзіргі кезде Қызыл Балық ауылының құрметті ақсақалы. Үшінші ұлы Қисмет ақсақал. Бұл кісі Бақтыгерей молланың қолындағы ұлы еді. Одан кейін Түнзила апамыз Бақтыгерей молланың қызы.

Алғаш мешіт ашылған жылдары мешіттің тазалығын өз жауапгершілігіне алған апамыздың дүние салып, жерге қойылған күні, ораза айтқа сәйкес келген жұмада болған деседі.
Шариғат жолын шамшырақ еткен ақсақал Кеңес үкіметінің уағында ауыл қарияларымен қала орталығындағы «Құспан молла» мешітіне жұма намазына баратын. Арасында діни жоралғыларды атқарған ол 1980 жылы Атырау қаласына қарасты Балықшы ауданына имам боп сайланады.

Ресми түрде ақсақал сол ауданда және Дамбы бойындағы Амангелді, Құрманғазы, Қызыл балық, Жаңаталап аталатын төрт ауылда өтетін діни шаралардың басы-қасында болған. Халқымыз егемен ел атанып, еркіндіктің самалы ескен 90-шы жылдары ата дінімен қайта қауышқан алаш жұрты рухани орталық мешітті аңсады.
Сонымен аңсаған мақсатқа қол жеткізген Бақтыгерей ақсақал, ауылдағы бұрынғы дүкен ғимаратын мешітке айналдырды.

Содан жаңа мешіт 1994 жылы жамағатқа есігін айқара ашты. Халықтың қалауымен жаңа мешіттің бас имам қызметіне Бақтыгерей Шекенұлы тағайындалды. Алла үйінің тұңғыш имамы атанған ол сол еңбек жолында талай жанның тура жолдан таймай имандылыққа бет бұрып, намаз бастауына себепші болған.

Қандай мәселеге кез болса да шариғат үкімін берік ұстанып, әділ шешім шығаратын қария, көрінгенге дес бермес мысы, туралығынан таймас өр мінезімен ел есінде қалды.
Бақтыгерей Шекенұлы 1998 жылы 30 қаңтар жұма күні 86 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.

Ақсақалдың көзіндей болған жәдігер Құраны мен шариғат заңдары, араб қарпімен татарша жазылған ескі кітаптары қазіргі таңда мешіт мұражайында сақтаулы тұр. Атадан қалған көне мұраның мешіт жамағаты үшін бағасы алтыннан да қымбат екені ақиқат. Бақтыгерей қария алғаш имамдық етіп, мінберіне шыққан мешіт әлі күнге дейін бес уақыт азанымен ауылды әлдилеп, ел игілігі жолында қызмет етіп келеді.


Бейбітбек Тілепбергенұлы,

Бақтыгерей молла мешітінің ұстазы.