Атырауда 60 шәкірт Құранға түсті

Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Сауат ашу курсында білім алып жатқан шәкірттер араб әліпбиін толық меңгеріп, Құран оқуды үйрене бастады.

Шәкірттердің ұстазы, орталық мешіт азаншысы Саламат Иманғалиевтың айтуынша, небары екі ай ішінде шәкірттер ерекше ынтамен көзге түскен. Рамазан қарсаңындағы жаңалықпен шәкірттерді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы құттықтады.

Алла Тағала «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі  тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер», – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): 

 «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп өсиет қалдырған. Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан да білеміз» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.