Сұрақ: Мен бір ай бұрын босанғанмын. Қазіргі кезде қан кету тоқтаған сияқты. Енді 40 күннің аяқталуын күтуім керек пе, әлде ғұсыл алып, құлшылық етуімді бастай беруіме бола ма? Себебі 40 күн толмай құлшылық жасауға болмайды деп естіген едім. (Жайна)
Жауап: Босанудан кейін бөлінетін қанды шариғатымызда «нифас» деп атайды. Нифас күйіндегі әйелге намаз оқып, сәжде етуіне, Құранды ұстауына, Қағбаны айналуына, ораза ұстауына, сондай-ақ жыныстық қатынасқа түсуіне тыйым салынады.
Әбу Ханифа мәзһабы бойынша нифастың ең ұзақ уақыты 40 күнге дейін созылады. Бұдан кейін келген қан – үзір қаны болып саналады. Яғни, ғұсыл құйынып, ғибадат жасауға рұқсат. Нифас қаны қырық күннің ішінде бір келіп-кетіп тұрса да, нифас болып есептеледі.
Бұл үкімді Әбу Ханифа мәзһабы Үмму Сәламадан жеткен мына хадиске сүйене отырып шығарған. Онда: «Аллаһ елшісінің (с.а.с.) уақытында босанған әйел 40 тәулік күтетін еді»[1] деген.
Аллаһ тағала қасиетті Құран кәрімде: «(Мұхаммед) олар сенен етеккір жайында сұрайды. Оларға: Ол жиіркенішті нәрсе, етеккір кезінде әйелдеріңнен алыс тұрыңдар. Тазарғанға дейін олармен жақындаспаңдар. Қашан олар толық тазарса, Аллаһтың өздеріңе бұйырған жерінен жақындасыңдар де»[2] деп айтқан
[1] Әбу Дәуіт, Тахара, 119.
[2] «Бақара» сүресі, 222-аят.