Сұрақ: Намаз оқу кімдерге міндетті?
Жауап: Ислам намазды діннің ең басты тірегі әрі ажырамас міндеті ретінде санап, куәлік етіп, Аллаһқа серт бергеннен кейін (шахада), осынау құлшылық түрін күніне бес мәрте уақыты кіргенде орындауды ақыл-есі түзу балиғат жасқа жеткен әрбір мұсылманға парыз етті.
Намаз біреуге міндетті болу үшін, келесі үш шарт орындалуы тиіс:
1. Мұсылман болу;
Намаз иісі мұсылман баласына, яғни ер мен әйелге парыз. Құранда Аллаһ тағаланың: «Мені еске алу үшін намаз оқы»[1] деуі намаздың парыз екенін дәлелдейді. Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) намаздың маңыздылығын ескерте келе, ақыретте адам ең алдымен намаз үшін сұралатындығын да ескерткен.
2. Балиғат жасына толу;
Шариғатымызда адамға құлшылықты орындау балиғат жасына толған шағынан бастап міндеттеледі. Сондықтан, балдырған балалық шақта намаз оқу міндетті емес. Аллаһ елшісі (с.а.с.):
«Үш түрлі кісіге қалам жүрмейді (яғни, күнә жазылмайды): оянғанға дейін ұйқыдағы адамға, айыққанға дейін есі ауысқан адамға және балиғат жасына жетпеген кішкене балаға»[2] деген.
Алайда баланы кішкентай кезінен бастап жауапкершілікке баулу үшін Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде ата-аналарға балаларын жеті жастан бастап намазға үйрету керектігін айтады. Онда:
«Балаларың жеті жасқа келгенде, намаз оқуды бұйырыңдар……»[3] дейді.
3. Ақыл-есі дұрыс болу.
Шариғат бойынша есінен ауысқан, ақыл-есі кембағал жандарға намаз оқу міндеттелмеген. Бұған жоғарыда келтірілген бірінші хадис дәлел.
[1] «Таһа» сүресі, 14-аят.
[2] Бұхари, Талақ; Әбу Дәуіт, Худуд, 17; Тирмизи, Худуд, 1.
[3] Әбу Дәуіт, Салә, 26; Ахмед ибн Ханбәл, 2/187.