Ишарат арқылы намаз оқу тәртібі

Сұрақ: Намаз ишарат арқылы қалай оқылады?

Жауап: Сырқаты немесе кәрілігі салдарынан тұрып намаз оқи алмағандығы үшін науқас әрі әлжуаз адамдарға уайым жеудің қажеті жоқ. Олар намазды отырып оқи алады. Рукуғ пен сәждені отырып жасауына болады. Сонымен қатар, олар намазды әдеттегідей оқитын сау кісілермен бірдей сауап алады.

Егер науқас адам отыра алатын болса, біріншіден, ол жерге (жайнамазына) отырып, бүгілмейтін аяқтарын құбыла жаққа созып, рукуғ пен сәждені ишаратпен орындап, намаз оқуына болады. Отырған күйде ишарат рукуғ үшін басты сәл еңкейту, сәждеге барғанда төменірек иілу керек. Ишаратпен намаз былайша орындалады:

Жерге отырады, жерге отыра алмаса, орындыққа отырады немесе төсегінде отырып, құбыла жаққа бұрылады. Қолдары икемге келсе, намаз кезіндегі тәртіп бойынша ұстайды (еркектер – кіндік тұсқа, әйелдер – кеудесіне). Рукуғ пен сәжде жасаған кезде алдыға қарай еңкейіп, қолдарын тізесінде ұстайды.  

Сәждеге барған уақытта бас еш нәрсеге тимеуі тиіс, қолды да маңдайға тақаудың қажеті жоқ. Бір нәрсені маңдайға тақау арқылы сәжде жасауға болмайды.

Егер түрегеп тұра алатын болса, бірақ рукуғ пен сәжде жасауға шамасы келмесе, ол намаздың бір бөлігін тұрып өткізіп, рукуғ пен сәжде жасаған шақта жерге отырып, оларды ишарат арқылы, яғни, денесі мен басын сәл алдыға еңкейтіп, орындай алады. Бірақ, мұндай кісіге қиямды да отырып, рукуғ пен сәждені ишарат арқылы орындаған дұрыс.