Сапар барысындағы намаз оқу ерекшеліктері

Сұрақ: Сапарда кеме, ұшақ, пойыз сияқты көліктерде намазды қалай құбылаға қарап оқимыз? Және жолаушының қаза намаздары қалай өтеледі?  

Жауап: Жолаушы қандай да бір көлікте құбылаға қарап оқуға мүмкіншілік таппаса, сол көліктің бағытында, яғни отырған жердің ыңғайына қарай оқиды. Жеңіл авто көлік, автобус секілді көлікті тоқтатып оқуға мүмкіншілік болса, түсіп оқу ләзім. Мұндай жағдайдың реті келмесе, таза жер таппаса, көлік ішінде орындықта ишарамен оқылады. Мына бір хадисте: «Аллаһ елшісі (с.а.с.) түйесінің үстінде жүзі қайда бұрылса, басын сол бағытқа иіп (ишаратпен) нәпіл намаз оқитын. Ибн Омар да осылай оқитын»[1] деп келуі осының бір дәлелі.  

Егер жолаушы намазды сапарда қаза етіп, кейін еліне оралса немесе сапары аяқталмаса да, қаза намазын дәл сапардағыдай қысқартып өтейді. Өйткені парыз намаздың оқылу түрі, уақыттың шығуымен өзгермейді.[2] Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:«Егер тұрғынның төрт ракаттық намазы қаза болса, сапарда жүрсе де, тұрғын болса да қазасын төрт ракат етіп толық оқиды»[3] деп намаз қай жерде қаза болса, сол жердегідей оқылатындығын ашық айтқан.


[1] Абдулхамид Тахмаз, Фықһул Ханафи, фи саубихил жәдид, Бейрут, 1998 ж, 315 бет.

[2] Әл-Зухайли, Фиқһус сунна уә әдиллатуһу 343 бет.

[3] Сахих Бұхари, 1105; Мүснәд Ахмед, 6299.