Қазақстанда діни киім киюге тыйым салынуы мүмкін. Діни киім дегенде, әңгіме орамалда емес, қазақ халқына үш ұйықтаса сорпасы қосылмайтын ниқаб, буркада болып отыр.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапидің айтуынша, тарихымызға жат діни киімдерге тыйым салатын заң жобасы күзде Парламент қарауына енгізіледі.
«Қазір біз үшін ең маңызды мәселе-еліміздің ұлттық мүдделерін, ұлттық дәстүрлерін, ұлттық мәдениетін сақтау. Ал қазіргі жағдайға қарасақ, қоғамда қара киінген қазақтар көбейді. Бұл жағдай біздің болашақ ұлттық мүдделерімізге айтарлықтай зиян тигізеді, – деді депутат Ермұрат Бапи.
Ол заң жобасын депутаттар тобы дайындағанын және оны күзгі сессияда Парламентке ұсынатынын айтты.
«Менің ойымша, никаб және қоғамдағы басқа діни киімдер туралы мәселе оны қабылдағаннан кейін шешіледі. Сонда біз діни киім мәселелерін қандай да бір жолмен реттей аламыз» деді депутат Ермұрат Бапи.
Шыны керек, күнделікті болып жатқан оқиғалар ниқаб, буркаға оранғандардың артында тәлкекке түскендер, депрессия, отбасынан ажырап, адасып қалған тағдырлардың тұрғанын көрсетіп отыр.
«Терроризм» бабымен 10 жылға сотталған Жансая Ашықбаева тағдыры тәлкекке түскен тағдыр иесінің бірі. Сирия даласына қашып бара жатқан жерінен қолға түскен Жансая қазір жазасын өтеп отыр. Жас ғұмырын тар қапастың артында өткізіп жатқан Жансая жас күнінен салафизм ағымының жетегінде кеткен.
«Біз адамдарды мұсылман және джахил деп екіге бөліп қарастыра бастадық. Біз үшін ниқаб кимейтін, намаз оқымайтын адамның бәрі надан, джахил еді.
Ол кезде мен небары 17-18 жастағы қыз болатынмын. Өздерін «брат, сестра» ретінде көрсеткен жамағат маған «мұсылман адам Құран және сүннетпен жүруі керек» деп үйретті. Одан кейін мәзһаб ұстанудың дұрыс еместігін айтты. Осындай насихаттардан кейін бойымда қоғамға деген агрессивті қарым-қатынас қалыптаса бастағанын өзім де байқамаппын.
2014 жылы ДАИШ өзін «ислам мемлекеті» деп жариялады. Бұған салафилер қатты қуанды. Жамағатымыздың арасында «шариғат заңдарымен жүретін мемлекетте тұрамыз. Сол үшін күресу керек» деген насихат қатты жүрді.
ДАИШ-ке дейін де «дін үшін соғыс» деген тақырыптағы ақпараттарға әбден тойынып алған мен де бұл жаңалықты «керемет өзгеріс» деп қабылдадым. Маған Сирия жеріне баруға болатыны туралы ақпаратты жамағат өкілдері 2015 жылы жеткізді.
Сөйтіп, хабар жеткеннен кейін ДАИШ туралы видеоларды қарай бастадым. Олар адам өлтіреді, бірақ оны өлтіру себебінің дәлелін хадистермен түсіндіреді. Кейінірек, ұйымның мемлекет ретіндегі туы, шекарасы, валютасы пайда болды. Оның үстіне, видео арқылы үнемі мұсылмандарды бірігуге шақырған үндеулер таратылып жатты.
Онсыз да радикалданып, әбден бұрмаланған ақпаратқа тойып алған маған Сирия нағыз жұмақ болып көрінді. Сол кезде менің алдымда халифатқа бару немесе Қазақстанда қалу деген екі таңдау тұрды. Мен, әрине халифатты таңдадым.
Сөйтіп, Сирияға өтіп кеткен таныстарымды ортақ телеграм каналдарымыз арқылы іздей бастадым. Көп ұзамай таныстарымды таптым да. Олар маған қыркүйекте Қордай шекарасы арқылы өтуге кеңес берді. Мен Сирияға аттанатын уақытымды 15 қыркүйек деп белгіледік. Жақындарыммен ат-құйрығын кесіскендіктен, ешкімге ештеңе деп жатпадым. Индрайвер арқылы таксиге тапсырыс беріп, Қордайға келе жатқан жерімнен Қарағанды қаласының жолында ұсталдым. Бұл осыдан алты жыл бұрын болған оқиға еді.
Түзету мекемесіне түскен кезімде де мен өзімнің қателескенімді түсіне қоймадым. Алдыма келген мекеме қызметкерлеріне де «джахил» деп, өте дөрекі сөйледім. Менің ол әрекеттерім үшін үстімнен қосымша іс қозғауға да болатын еді. Мамандар менімен көп жұмыс жүргізді. Атырау облысы Дін істері басқармасына, «Шапағат» қоғамдық қоры жанынан үнемі келіп, дәріс беретін теологтарға алғысым шексіз» деді Жансая.
Атырауда шыны керек, салафизм ағымының жетегінде кетіп, тағдырын талқандағандар өте көп. 2015 жылы Сирияға үш баласымен бірге аттанып, әлі күнге дейін хабарсыз жоғалған әйелдер де, тұтас отбасылар да бар.
Мамандар айтқандай, жат ағым баяу жарылатын бомба сияқты. Бірден емес, біртіндеп әсер ететін жат ағымның түбі тұңғиық. Оның соңынан кеткен адамның қалыпты өмірге оралуы екіталай… Баян Жанұзақова