Қазақ – әу бастан Қабанбай, Бөгенбай сынды қолбасшыларды дәріптеген халық. Бұл жағдайға «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қилы-қилы жаугершілік замандарды бастан өткергені себеп болуы мүмкін. Әйтсе де, халқымызда діни, рухани лидерлер болмады деп те айта алмаймыз.
Мысалға, өзбек ағайындар Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф ғалымды өздеріне діни ұстаз санайды. Ресейдегі мұсылман халықтар Равиль Ғайнутдинды рухани ұстаз ретінде төбеге көтереді. Біздің даламызда да мұндай рухани лидерлер болды.
Айталық, Науан хазірет, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды тарихи тұлғаларымыз өз алдына бір төбе. Абай Құнанбаевты мұсылмандықтың заңғар шыңы десек те болады. Кеңес Үкіметі тұсында Сәдуақас қажы Ғылмани деген үлкен ғалымымыз болды. Бұхара медресесінен ілім алған Сәдуақас қажы өлең-жырлары, еңбектерінде қазір жас жігіттеріміз жалау қылып көтеріп жүрген ақида, сенім мәселелерін сол кезде жазып қалдырған екен. Бірақ, ол кісі еңбектерін шағатай тілінде жазды. Біздің діни тұлғаларымызға ортақ бір мәселе осында жатыр. Яғни, дін мәселесіне қатысты жазбаша деректердің дені көне шағатай тілінде жазылған.
Ал, қазіргі кезде бұл көне тілді меңгеріп жүргендер арамызда өте аз. Марқұм Ақселеу Сейдімбек атамыз Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегін аударған кезде соншалықты қуанған едік. Бірақ, қазір Ақселеудей атамыз бар ма?
Тарихтан белгілі, кезінде Ақтөбе өңірінде Досжан атты хазірет өткен. Меккеге үш рет барған хазірет 5000 орындық мешіт салдырған, 150 орындық медресе ашқан деседі. Атырау өңірінің өзінен көптеген мысалдар келтіруге болады.
Мәселен, Әйіп қажы тұтас жайық руының молдасы атанған аузы дуалы ақсақал болған. Құлсары жеріндегі Дүйсеке хазірет дінді таратуда, насихаттауда үлкен роль атқарған. Тарихта есімі қалған Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетовтің дінді таратудағы еңбектері өз алдына зерттеуді қажет ететін тақырып бола алады. Біз осы мәселелерді зерделеп, жинақтап, бүгінгі буынға дәріптеуге міндеттіміз.
Меніңше, мұсылманшылық мектептің ең бірінші қадамын шағатай тілінің маңызын, мақсатын жаңғыртудан бастау керек. Себебі, бұл тілде жарыққа шықпай қалған көптеген мұра қалды. Алысқа бармай, Кеңес Үкіметі орнағанға дейінгі зират, құлпытастардағы жазуды оқи алатын ғалымдарымыз қазір некен-саяқ.
Екіншіден, Абайдың қара сөздерінің мәнін әлі күнге толық түсіне алмай жүрміз. Ескі мәтіндерімізді, көне әдебиеттерімізді қайта жаңғыртатын болсақ, мұсылманшылық мектепті жаңартудың жаңа деңгейіне көтерілеміз деп ойлаймын.
Ернар Абзалов, тарихшы
(Мақала «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» тапсырысымен дайындалды)