Түркияның бас қаласы Анкарада Абай даңғылы және ескерткіші ашылды. Сондай-ақ, Түрік елінің Чорум қаласында саябаққа ұлы ақынның аты берілді, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, 25 желтоқсан күні Түркияның Чорум аймағында қазақ халқының ұлы тұлғасы, түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ және Искилип ғалымдары мұражайында арнайы Абай бөлмесі ашылған.
Абайдың 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Чорум аймағы Искилип ауданының мэриясы бірлесіп қазақ халқының ұлы тұлғасын дәріптеу мақсатында арнайы іс-шара өткізді.
Саябақ пен мұражайдың ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысқан. Ол бауырлас Түркия халқы мен Чорум аймағының басшылығына қазақ халқы мен Абайға көрсеткен зор құрметтері үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Салтанатты ашылу рәсімі барысында Чорум губернаторының орынбасары Реджеп Юксел Абайдың құрметіне аймақта ашылған нысандардың қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара екенін атап өткен.
Дереккөз: «Қазақпарат»