Туыстық қарым-қатынасты сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі болады.
Бірінші, туыстық қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар.
Хадисте ондай адамдар – «әл-уасилу» (туыстық байланысты сақтаушы) деп аталған. Мұндай адам туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана сыйласу емес, туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші болып түзеп, оларға жақсылық жасай біледі. Осы себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам (ол оған қандай қарым-қатынас жасаса), сонымен ғана жауап беретін адам емес. Шындығында, туысқандық қарым-қатынасты үзбейтін адам – ол туыстарының онымен қарым-қатынасын үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!» – деп айтқан (Имам Бұхари).
Туыстық қатынасты сақтаған адамды Алла Тағала қияметте шексіз сауапқа бөлеп, бұл дүниеде ризығын мойлайтып, өмір жасын ұзартады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Кейбір ғалымдар хадистегі «өмір жастың ұзаруына» деген сөздерді: «Алла Тағала ол адамның өміріне берекет беріп әрі ризық-несібесін молайтады. Әрі сол арқылы ол адам өзінің өмірінде басқалардың шамасы келмеген істі істеп үлгереді», – деп түсіндірген.
Екінші, туыстық қатынасты үзушілер
Ондай адамдар хадисте – «әл-қатиғу» (үзуші) деп аталған.Бұл атау туыстық қатынасты сақтамайтын, олармен араласпайтын, қиналғанда жанынан табылмайтын адамдарға қатысты айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 1-аятында:
«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар! Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», – деп ескерткен. Қасиетті Құран Кәрімдегі әрбір сөз, әрбір әріптің өзі, орналасу реттілігі үлкен хикметті білдіреді. Бұл аятта тақуалықтан кейін туыстық байланысты үзуден сақтандыруы тегін емес. Өйткені тақуа адам ешуақыт туыстық қатынасты үзбейді. Туыстар жағынан теріс әрекеттер болғанның өзінде кешіріммен қарап, Алланың бұйрығын орындап, әркез туыстық ақыларды сақтауға тырысады.
Үшінші, жоғарыда айтылған екі дәреженің ортасындағы адамдар
Мұндай адамдар туыстарына жақсылық та жасамайды, жаманшылығын да тигізбейді. Сыйласқанымен ғана сыйласады, араласпағандарымен араласпайды, оларды арнайы іздемейді.
Осылардың ішінде мұсылман адам бірінші санаттағы, яғни туыстық қатынасты сақтаушылардан болып, екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 177-аятында:
«Жүздеріңді шығысқа және батысқа жөнелту игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және туыс-жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға және құлды азат етуге жақсы көре отырып, мал сарп қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі осылар тақуалар», – деп айтқан.
Осы бір аяттан Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтіргеннен кейінгі игілікті іс – туыс-жақындарына бағышталуы тиіс екендігін аңғарамыз. Және бұл амал жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, сұраушыларға малды сарп ету бірінші аталып, ол шыншылдар мен тақуа жандардың іс-әрекетінен екендігі баяндалған. Демек, туыстық қарым-қатынасты берік ұстанған адамның дәрежесі шыншылдар мен тақуа жандарға теңестірілмек.
Арман ИСАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.