Тәуелсіздік – үлкен нығмет

Тәуелсіздік – асыл бабаларымыздың сан ғасырғы арман-мұраты. Өткенімізге көз салсақ, сүрлеуі мол соқпақтар мен ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден өттік. Азанымыз ақырын, жаназамыз жасырын айтылған кездер де жазылыпты тарих бетінде.

Кешегі құбылмалы заман көшінде дін ілімін тарату емес, үйренудің өзі қылмыспен тең болды. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, бостандықтың боз таңы атқан сәтте ана тілімізбен, ата дінімізбен қайта қауышып, салт-дәстүріміз жаңғырды.

Асыл дініміз Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғауды міндеттейді. Олар: Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді. Ендеше, тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған әр адам бұл ұлы нығметті бағалап, халқымыздың бірлігі мен тыныштығы, тәуелсіздігіміздің баянды да ғұмырлы болуы үшін мынадай амалдарды атқаруға мән беруі тиіс:

Бірінші: Туған елін жақсы көру

Екінші: Туған елінің қадір-қасиетін түсіну және оны бағалау

Үшінші: Бүліктен сақтану

Төртінші: Туған елі үшін әрдайым дұға ету

Бесінші: Туған еліне қызмет ету

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

…Егер отан сыңсыған бұлақ болса,

Жапырақ боп жармасқын терегіне,

Самалы бол Отанның салқындаған,

Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.

Семсері бол, Отанның қынабында

Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған,

Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,

Шуақ болып, шашылмай жылына ма? – деп, Отанға деген сүйіспеншілікті іспен дәлелдеуге шақырған.

Отанға деген сүйіспеншілік – оған жанашырлықпен қарауға,  көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, тілі, діні, салт-дәстүрі, мемлекеттік рәміздері секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделеді. Сол сияқты отанына зиян тигізуден, қиянат жасаудан, тіпті өсіп тұрған талдың өзін себепсіз сындырудан аулақ болуға тиіс.

Махсат Қайратұлы

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы