Ислам діні – жамағат діні. Сондықтан әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазды жамағатпен оқуды өте жоғары бағалаған. Ханафи мәзһабында ерлердің бес уақыт парыз намазды жамағатпен оқуы – бекітілген сүннет.
Жамағат намазы
Жамағат намазы дегеніміз – имамның артында тұрып, парыз, уәжіп, тарауық, айт, жаназа намаздарын оқу. Тіпті басқа мәзһабтардағы кейбір ғалымдар парыз деп үкім берген. Екі кісі болса да намазды жамағатпен оқу керек. Жамағатпен намаз оқу арқылы мұсылмандар бір-бірімен танысып, араларында жылы қарым-қатынас күшейеді. Періштелер сияқты Алланың құзырына сап құрып, жамағатпен оқылған намаздың сауабы, жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық.
Жамағатпен намаз оқудың сауабы
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Жамағатпен оқылған намаздың сауабы жалғыз оқылған намаздың сауабынан жиырма жеті есе көп» (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Термизи, Нәсәи және Ибн Мажә). Яғни сіздің жеке оқыған жиырма жеті намазыңыздың сауабы жамағатпен оқыған бір намаздың сауабына пара-пар. Тағы бір хадисте: «Егер кімде кім үйінен дәрет алып шығып, мешітке қарай қадам басса және Алла Тағаланың бұйырған парыз амалдарын орындаса (яғни жамағатпен намаз оқыса), оның әр басқан қадамы үшін күнәсі кешіріліп, сонымен қатар дәрежесі көтеріледі».
Әбу Дәрда (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір ауылда немесе далада үш адам болып, бірігіп жамағат намазы оқылмаса, оларды шайтан билеп алады. Жамағаттан айырылма. Қасқыр да шетке шыққан қойды жейді», – деген (Ахмад, Әбу Дәуіт, Нәсәи). Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын): «Алла елшісінің: «Кімде кім құптан намазын жамағатпен оқыса, сол түннің жартысын намаз оқып өткізгеніндей сауап алады. Егер құптан намазы мен таң намазын жамағатпен оқыса, сол түннің бәрін намаз оқып өткізгеніндей сауап алады», – деп айтқанын естідім», – деген. Әли ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көпшілік адаспайды, жамағатпен бірге болыңдар. Алла Тағаланың жамағатты қамқорлығына алады», – делінген.
Ал әйелдерге намазын жамағатпен бірге оқу шарт емес. Керісінше әйелдер қауымы намазын үйінде оқығаны дұрыс. Бұл жайында фиқһ кітаптарында былай делінген: «Әйелдердің намазды үйінде оқыған абзал. Әбу Ханифаның пікірінше, жасы келген егде әйелдің қарапайым киініп таң, ақшам, құптан намазына баруына болады. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірінше, мұндай әйел барлық жамағат намазына қатыса алады», – деп көрсеткен.
Саптың маңыздылығы
Мешітке келіп, жамағат намазына қатысуды ниет еткен адам мешіт әдебі мен тәртібіне итағат етуі керек, мешіт әдебін сақтауы қажет. Атап айтқанда, тазалыққа, киімге мән беру, жағымсыз иіспен бармау, мешітке бара жатқанда дұға оқу, мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу, имамды тыңдау, мешітте дүние сөзін сөйлемеу, дауыс көтермеу, мешіт ішін ластамау, мешітте әурет саналатын жерлерді жабу және азан айтылғаннан кейін мешіттен шығып кетпеу т.б әдептәртіпті берік ұстануы керек. Сонымен қатар мешітте жамағат намазын оқуға ниет еткен жан сапқа мән беруі қажет.
Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Сендер неге сапта Раббыларының алдындағы періштелер секілді тұрмайсыңдар?» – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Періштелер Раббылары алдында қалай сапқа тұрады?» – деп сұрады. Сонда ол: «Олар бірінші сапты толтырады және бір-бірімен тығыз тұрады», – деді (Мүслим). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз: «Намазда тұрғанда сапты түзеңдер. Өйткені сапты түзеу – намаздың көркі», – деген.
Әбу Масғуд (оған Алла разы болсын) былай деген: «Жамағатпен оқылатын намаз алдында Алла елшісі әдетте бізді иығымыздан ұстап (өз қолымен намаздың сабын түзейтін) былай дейтін: «Түзеліңдер, араларыңда өзгешелік болмасын. Олай істемесеңдер, жүректерің бірлікті білмейді. Менің артыма ақылы кірген үлкендерің тұрыңдар, одан соң – кейінгілерің, одан соң – кейінгілерің» (менің артымнан жастары үлкендерің, одан кейін олардан жасырақтарың тұрыңдар дегені). Тәубе намазы. Пенденің Аллаға ең жақын болатын сәтінің бірі һәм бірегейі – сәждеге бас қойған кезі. Күнәһар пенденің жасаған қате-кемшілігінің кешірілуін тілеп оқитын намазы тәубе намазы деп аталады. Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) былай деп риуаят еткен: «Мен Алла елшісінің: «Кісі бір күнә жасаса, сосын дәрет алып, намаз оқып, Алла Тағаладан кешірім сұраса, әлбетте кешіреді», – дей келіп: «Ал олар қашан арсыздық істесе не өзіне зұлымдық қылса, Алланы есіне алып, күнәсі үшін жарылқау тілейді. Күнәні Алладан басқа кім жарылқайды. Сондай-ақ олар істеген ісін біле тұра қасарыспайды. Міне, солардың сыйлығы – Раббысы тарапынан жарылқау және астынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлығы нендей керемет», – деген аятты оқыды», – дейді. Тәубенің негізгі шарты – күнә істер мен қателіктерді қайта жасамау.
Дәрет намазы
Дәрет намазы. Дәрет алған немесе ғұсыл құйынған адамға екі ракағат намаз оқу – мұстахаб. Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) риуаят етеді. Таң намазы кезінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Біләл! Исламда жасаған ең жақсы амалыңды айт! Өйткені жәннатта қарсы алдымда сенің кебісіңнің дауысын естідім», – деді. Біләл: «Менің істеген амалым күндіз немесе кешке дәрет алар болсам, міндетті түрде намаз оқимын», – деген екен. Уқба бин Амир (оған Алла разы болсын): «Кімде кім жақсылап дәрет алып, екі ракағат намаз оқыса және жүрегімен, тәнімен Аллаға бет бұрса, оған жәннат міндет болады», – деген хадисті жеткізген.
Истихара намазы
Истихара сөзі бір нәрсенің жақсысын, қайырын, игілігін тілеу дегенді білдіреді. Истихара – жақсы істердің қайсысы өзі үшін қайырлы әрі жақсы болатынына рухани ишарат арқылы білу мақсатымен оқылатын екі ракағат намаз. Алғашқы ракағатта «Кафирун», екінші рәкатта «Ықылас» сүресін оқу – мұстахаб. Намаздан кейін «истихара» дұғасы оқылады. Дұғаны оқығаннан кейін жүрегінің қанағат еткеніне қарай әрекет етеді. Мәселе айқындалмаса, намаз бен дұғаны жеті күн қайталау қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әнасқа былай дейді: «Әнас! Бір іс жасағың келсе, Раббыңа истихара намазы мен истихара дұғасын жеті рет қайтала. Содан кейін жүрегің қалағанын ойла. Жақсылық сол жерде». Истихара намазын барлық уақытта оқуға болады.
Қорыта айтқанда, қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың жібінен (Құраннан) мықтап ұстаныңдар, бөлінбеңдер», – деп бұйырған. Қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бірлігі күшті ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген қанатты сөз бар. Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрқайсымыз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жаюы тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық! Алла елімізге амандық, халқымызға ынтымық-бірлік берсін!
Бақдәулет АБДУРАХМАНОВ,
Шымкент қаласының бас имамы