Бұл дүние – сынақ алаңы. Сол сынақтан қалай өтеміз? Соңғы аялдамаға қандай күйде барамыз?
Мұсылман кісі әр ісі мен амалын өлшеуден өткізіп, ақыретіне азық жинайды. Мұсылман адам әрбір атқан таңды бақыт, нығмет деп түсінеді. Әбу Бәкір (р.а.): «Дүние – мүминдердің базары. Күн мен түн – негізгі қаржылары. Ізгі амалдар – сауда тауарлары. Жәннат тапқан пайдалары. Ал тозақ зарарлары», – деген. Сол дүние базарынан кім нені іліп қалады? Қандай пайда табады? Міне, бәрінен де осы маңыздырақ болу керек.
Кейбір адамдар тек Рамазан айында ғана немесе Қадір түнінде, болмаса жұма күні садақа беріп, нәпіл намаз оқып жатады. Алланың әр күні берекелі. Қай күнгі намазыңыз, оразаңыз немесе берген садақаңыз қабыл екендігін ешкім білмейді. Аптаның жеті күнінде амал дәптеріңіз ашулы. Сондықтан «Жақсылықта жарысыңдар!» («Бақара» сүресі, 148-аят) деген Құран аятымен сахабалар көбірек амал жасаған. Сахабалардың жомарттығы, Алла жолындағы ықыласы ерекше болған. Тіпті, олар құлшылығына кедергі келтірген дүниеден бойын алыс ұстаған.
Жақсылық жасау – ақшаның өлшемі емес, жүректің ісі. Жылы сөз, жақсы көзқарас арқылы да жақсылық жасауыңыз әбден мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Зарға: «Дін бауырыңды күлімсіреп қарсы алудың өзін кішкене іс деп есептеме!» – деген.
Рас, қазір біраз дүние разылық пен рияның ортасында күн кешіп жүр. Алланың разылығын іздеген пенде амалына мұқият болады. Өйткені, «Кімде-кім жақсылық жасаса, оған оның қайтарымы он есе беріледі» («Әнғам» сүресі 160-аят) деген Жаратушының уәдесі бар екендігін ұмытпайды!
Алдамшы өмірде тек ізгі амалдар ғана ұзақ салтанат құрады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Кісі жан тапсырған кезде оның үш амалынан басқа бүкіл амалдары тоқтайды. Олар: Садақаи жәрия (яғни, мешіт, жол салдыру, су құбырлары, яки мектеп-медресе сияқты т.б. қоғамға пайдалы істер жасау). Өзі тәрбиелеген немесе тәлім-тәрбие алуына себепші болған ізгі-салиқалы ұл мен қыз дұғасы. Өзгелерге үйреткен білімі, ашқан ізгі жаңалықтары».
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал, енді кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді», – деп баян етеді («Зілзала» сүресі, 8-аят).
Алла Тағаланың шексіз рахымдылығын әрдайым сезінуге болады. Себебі жақсылық жасау қақпасы әлі ашық. Оған баратын жолдар да жеңілдетілген.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Адамдардың әрбір буыны үшін күніге садақа берулері қажет. Екі кісінің арасында әділеттілікпен үкім етуің – садақа. Көлігіне мінейін деп жатқанға жәрдемдесуің немесе жүгін көлігіне жүктеп беруің – садақа. Жақсы сөз – садақа. Намаз оқу үшін мешітке барғанда жасаған әрбір қадамың – садақа. Өтіп жатқандардың мазасын алатын нәрселерді жолдан алып тастауың – садақа», – деген екен.
Алла Тағала баршамызға Құранды түсініп, оған сүннетке сай амал жасауымызды нәсіп еткей!
Жайлыбек Кенжеалиев,
Сарайшық селолық мұсылмандар мешітінің имамы.