ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ДӘСТҮР МЕН ДІН ТАҚЫРЫБЫНДА ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жергілікті жастарға арналған «Дәстүр мен Дін» атты танымдық кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастарға ұлттық салт-дәстүр мен діннің өзара байланысын түсіндіру, рухани құндылықтарды дәріптеу.

Кездесуге Иманғали орталық мешітінің наиб имамы Қанағат Қалыбайұлы мен жастар секторы бойынша жауапты маман Амантай Райкулов арнайы шақырылды. Спикерлер жастармен ашық сұхбат өткізіп, дәстүрлі ислам құндылықтары мен қазақ халқының ұлттық болмысы арасындағы үйлесімділікке ерекше тоқталды.

Спикерлер жастардың көкейіндегі сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, бүгінгі қоғамда дін мен дәстүрдің рөлі туралы тұшымды ойларымен бөлісті.

Кездесу барысында Қанағат Қалыбайұлы дін мен дәстүрдің қоғамдағы рөлін айқындап, олардың арасындағы байланыс жайлы кеңінен әңгімеледі.

«Қазақ халқының салт-дәстүрі мен ислам діні – бір-бірінен алшақ ұғымдар емес, қайта бірін-бірі толықтыратын рухани құндылықтар. Бабаларымыздың аманаты болған имандылық пен ізгілік ұстанымдары бүгінде де өзекті. Жастар осы тамырдан ажырамауы керек», – деп атап өтті.

Ал Амантай Райкулов өз сөзінде жастардың діни және рухани сауаттылығын арттыру қажеттілігіне тоқталды:

«Қазіргі таңда діни ақпарат өте көп, бірақ оның бәрі дұрыс емес. Жастарымыз дінді мешіттен, мамандардан үйренуі қажет. Ұлттық тәрбие мен дін – егіз ұғым. Екеуін қатар ұстанған ұрпақ адаспайды», – деді ол.