Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Желатин – малдың сүйегін, терісі мен шеміршегін өңдеу арқылы алынатын ақуыз заттардың қоспасы. Желатин тамақ өнімдері, фармацевтика, косметика және т.б. өндірістерде кеңінен қолданылады. Дайын өнім құрамында «Е441» деп белгіленеді.
Ғалымдардың бірауыздан бекітілген шешіміне сәйкес балық пен өсімдіктен алынатын желатинге халал үкімі берілген. Ал жануардан алынатын желатинге қатысты пікірлер әртүрлі. Мұндай пікір қайшылығы бір заттың басқа бір затқа өзгеруіне (истихаләға) байланысты туындайды.
Истихалә барысында бастапқыда нәжіс болған зат түбегейлі өзгеріп (трансформация), басқа бір таза затқа айналады. Мысалы, доңыздың тұз кеніне түсіп, тұзға немесе шараптың арнайы әдіспен сірке суына айналуы[1].
Нәжіс зат истихалә жолымен тазарады. Ханафи мәзһабы осы пәтуаға тоқтаған[2]. Бірақ, истихалә толығымен жүзеге асуы шарт.
Ғалымдар доңыздың барлық ағзасы нәжіс екенін айтқан[3]. Бұл туралы Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед, сен оларға): «Маған жіберілген уахидан жегісі келген жанға арам етілген тағамды көрген жоқпын. Тек арам өлген мал, ағызылған қан, доңыз еті болса, әлбетте, ол лас, харам. Немесе пасықтықпен Алладан өзгенің атымен сойылған мал болса (харам). Ал кімде-кім бас тартпай әрі шектен шықпай шарасыз қалса, (жеуіне болады). Ақиқатында, Раббың аса жарылқаушы, ерекше мейірімді деп айт»[4], – деген.
Доңыз және басқа да еті харам жануарлардан немесе оның терісі мен сүйегінен және өзге ағзаларынан дайындалған желатин де харам болып есептеледі. Себебі, химик ғалымдардың ізденісі бойынша доңыздың терісі мен сүйегі химиялық өңдеу кезінде тек ішінара истихалә жасалады. Сондықтан оның табиғаты мен жаратылысы толық өзгеріске ұшырамайды. Коллаген (суда еритін ақуыз)
Желатин (суға ерітілмейтін ақуыз)
Коллаген мен желатиннің химиялық формуласы бір, яғни ақуыз. Олардың молекулярлық массасында ғана айырмашылық бар. Ақуыздың басқа затқа өзгеруі үшін оның құрамы толығымен денатурцияға (табиғатын жоғалту) ұшырауы тиіс. Коллагенді қышқыл мен негіздер арқылы өңдегенде, ақуыз арасындағы сутектік және полипептидті байланыс ғана ажырайды. Ақуыздың біріншілік және екіншілік құрылым деңгейінде, яғни спиральды құрылымында және аминқышқылды реттілігінде өзгеріс болмайды[5].
Шариғатта:ِ «Күдікпен сенімділікті жоққа шығаруға болмайды», – деген қағида бар. Сондықтан, бұл мәселені айқын дәлелді (ғылыми тұжырымды) негізге алған дұрыс.
ҮКІМ:
- Шариғат бойынша бауыздалған, еті желінетін адал мал мен құстан, балық пен өсімдіктен алынатын желатин – халал. Оны қолдануға рұқсат етіледі.
- Еті арам жануар (доңыз, ит, есек және т.б.), өлексе және шариғатқа сай бауыздалмаған малдан алынатын желатин, бастапқы заттың табиғаты мен жаратылысы толық өзгермейінше, харам болып есептеледі.
- Адам денсаулығы үшін аса зәру, алайда орнын басатын ем табылмаса, құрамында рұқсат етілмеген желатин бар дәрі-дәрмекті қолдануға болады.