Салық зекетті алмастыра ала ма?

Сұрақ: Салық төлейтін адам зекет төлеген болып санала ма?

Жауап: Құранмен, сүннетпен және фиқһ ғалымдарының пәтуасымен белгіленген зекет сияқты маңызды ғибадатты әр адамның азаматтық борышы болып табылатын салық төлеу міндетімен шатастыруға болмайды.

Салық – азаматтардың өз мемлекетіне қатысты мемлекеттік заңнамамен қарастырылған міндеті.

Зекет – ауқатты кісілердің кедейлерге беретін Аллаһтың міндеттеген парызы. Ең бастысы, бұл – құлшылық.

Аллаһ елшісі Муаз ибн Жәбәлді Йеменге аттандырғалы тұрғанда оған мынадай сөздер айтады: «Оларға Аллаһ зекет беруді бұйырғандығын білдір. Зекет байлардан алынып, кедейлерге таратылады».

Мемлекет өндіріп алатын салық, қалай болғанда да азаматтарға қызмет көрсету арқылы қайтарылады, ал зекет тек кедейлерге бұйырған нәсіп.

Қорытындылай келе айтарымыз, мемлекетке салық төлейтін бай мұсылман адам, сонымен қатар өз мүлігінен кедейлердің пайдасына да зекет төлеуі тиіс. Төленбеген зекеттер ақыретте әркімнің алдынан қарыз болып шығады. Әркім сол үшін жауап береді, себебі, бұл – кедейлердің ақысы. Бірақ, мұсылман адам өз күнәсін түсініп, оларды төлейтін болса, жауапкершіліктен құтылады.