Жоғалып бара жатқан игі дәстүрлер

Халқымыздың түп-тамырынан бастау алатын, өзгеге жанашыр, қайырымды болуға шақыратын ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұратын салт пен дәстүр көп-ақ. Біздің қазақ «Қайырымды болсаң, қайырын өзің көресің» деп ізгілік жасауға ерекше мән берген. Өкінішке қарай соның біразы ұмытылып та барады. Біржола жоғалмаса да, біршама ескірген, көп аймақта қолданыстан шығып қалғаны да бар.

АСАР

Көптің көмегін пайдаланып үй салу, егін жинау немесе шөп шабу сияқты ауқымды әрі ауыр жұмыстарды бірлесе атқаруды «асар» деп атайды. Адамдардың игі мақсатта бір-біріне көмектесу арқылы ынтымақ пен бірлігі жарасады. Мұндай дәстүр тек шаруаны бітіру тұрғысынан ғана емес, туған-туыс, дос-жаранмен бір уақыт кездесу әрі сырласу мақсатында да қолданған. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, басы қосыла бермейтін ағайын асарда бірін-бірі көріп, мәре-сәре болады. Екіншіден, жақыныңның жұмысы да жеңілдей түседі. Әрине, асарға келген адам ақы алмайды. Оларға арнап үй иесі қазан көтеріп, дастарқан жаяды. Мүмкіндік болып жатса, қой сойып құрметтеп жатса, құба-құп. Қазақтың «Көп түкірсе – көл» деген аталы сөзі де осы асарға байланысты айтылғандай.

Шыны керек, бүгінде асарлатқан ағайынды да көп көре бермейміз. Заман ағымы мен уақыт талабы басқа арнаға бұрылғандай. Қайда барсақ та уақытын жеткізе алмай, мұрнынан шаншылып жүрген адамды көреміз. Асарға бармақ түгілі, өз жұмысын бітіре алмауда. Үй салуды бастағандар көпшілікті асарға шақырғанша, кәсіпқой маманға тапсырғанды жөн көреді. Бұл – уақыт әрі сапа жағынан да тиімді. Өйткені заманауи баспананы тұрғызуды екінің бірі біле бермейді. Талғам мен талап қатты өзгерген кезде өмір сүріп жатырмыз. Үй салу сияқты іргелі істерді ғана емес, есік алдындағы майда-шүйде шаруаның өзін ақысын беріп, жалдамалы жұмысшыларға істететін болдық. Осылайша ағайын-туыс, дос-жаран мен жақын-жуықтың асарда басын қосатын дәстүріміз өздігінен ұмытылып барады. 

Дегенмен ауызды құрғақ шөппен сүртуге де болмайды. Соңғы кездері жер-жерде, әсіресе аудан орталықтары мен ауылдарда мектеп бітіруші түлектердің 20 немесе 30 жылдық мерейтойында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға асарлатып баспана тұрғызып беру дәстүрге айналып келеді. Бұл игі іске бүкіл ауыл жұмыла кірісіп, аз уақыт ішінде құрылысты аяқтап, мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеуде. Сондай-ақ медресе мен мешіт құрылысын да асарлатып жатқандар баршылық.

ШҮЛЕН ТАРАТУ

Шүлен тарату, шүлен тарту – дәстүрлі қазақ қоғамындағы жәрдем мен қамқорлық түрі. Бұл – парыз да, зекет те емес, тегін таратылатын дүние-мүлік. Шүлен таратуды қазақ байлары тарапынан кедейлерге көрсетілетін жомарттық пен мырзалық деуге болады. Оның мақсаты – жағдайы мұқтаж адамдарға көмектесу. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл – қайырымдылық іс-шарасы. Шүлен тарату салты күз түсіп, мал саны көбейгенде хан-сұлтандар мен дәулеті тасыған байлардың кедейлерге тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестіруі арқылы жүзеге асқан.

Бұл біріншіден, кедей-кепшіктің келе жатқан қыстан аман шығуына жәрдемдесу болса, екіншіден көптің алғысын алудың амалы десе болады. Шүлен таратқан жандардың ел арасындағы беделі артып, алыс-жақын жерлерге ол жайлы мақтау әңгімелер тараған. Жалпы, адамдарды бауырмалдыққа баулитын, қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін бұл дәстүрдің игілігі көп. Шүлен тарату халық арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі болған.

Бүгінгінің байлары да осы дәстүрді жаңғыртса, жағдайы төмен қандастарымыз да көшке ілесіп, елге қосылары анық. Әрине, бұл да бір пенденің сыналар тұсы. Ауқатты ағайын мәрттік танытып, тым болмағанда жақындарына шүлен таратса, елдің ынтымағы артып, бір-біріне тілеулес жандар да көбейе түсер еді.

Бірде Абайдың қонағы Жәмеңке ақсақал інісінен бұйымтай ретінде қамысқұлақ тұлпарды сұрайды. Абай әлгі сипатқа келетін атты қанша іздесе де таппай, Оразбайға адам жібереді. Абай мен Оразбай қатты араз болғаны белгілі. Оразбайға: «Ел намысы ер намысы болғанда, ер намысы ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын», – деген сәлемдеме айтып жіберіпті. Сәлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба? Жаттан сағы сынбасын!» – деп,
өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 жылқы үйірін аралап жүріп үш ат ұстатыпты. «Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты бір-бірден берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», – депті.

СЫБАҒА

Сыбаға – құрметті қонаққа немесе жақын-жуыққа арнап сақталған кәделі ет мүшелері. Мысалы, ақсақалдарға, құдаларға, жолы үлкен адамдарға бас, жамбас, жая, ірі малдың омыртқалары сияқты мүшелері тартылады. Сондай-ақ құдағилардың жамбас, қыздар мен күйеулердің төс, балалардың құлақ, бүйрек, жүрек сияқты сыбағасы болады.

Сыбаға сөзінің мағынасы кең. Той-томалаққа келе алмай, ауылда, үйде қалғандарға, үлкен кісілерге беріп жіберетін сыбаға, сарқыт ұғымымен қатар қолданыла береді. Сондай-ақ «несібе», «пайда», «кіріс» деген мағыналары да бар. Дегенмен негізі ас, дәм-тұз ұғымдарына байланысты айтылады. Тамақ ішіп жатқанда келіп қалған қонақ үйдегі адамдармен сол тамақты бірге жесе де, артынан қонақтың сыбағасы деп қайта қазан көтерген.

Көшіп келіп, қоңсы қонып жатқан ауылға, үйге арнайы дәм-тұздан ерулікке сыбағалы ас апарады. Сондай-ақ байлықтан, алынған өнімнен таратылатын арнайы үлес түрлері де бар: 

Төркін сыбаға – ұзатылған қыз балалы болған соң өз күйеуімен төркініне келіп, содан сақталған сыбағадан дәм тату.

Қара сыбаға – сыйлы адамдарға жыл сайын сақтап отыратын немесе беріп жіберетін дәм түрі. 

Өлі сыбаға – қарттарға және асыраушысы жоқ жетім-жесірлерге балықшылар беріп отыратын үлес.

Су сыбаға – балық аулау кезінде өзен-көл жағасында жүрген қызықтаушыларға, өтіп бара жатып балықшыларға бұрылған жүргіншілерге балықтан берілетін үлес.

Салт-дәстүр, жөн-жоралғыны жақсы ұстанатын халық едік. Әсіресе, соғымнан алыстағы ағайынға оның ішінде жасы үлкен кісілерге арнайы сыбаға дайындалатын. «Жеңсік ас» деп сапарға шыққандардан беріп жіберетін. «Үйге қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген сөзді бала кезде жиі естуші едік. Қазір жақындары үшін сыбаға дайындап, сарқыт беріп жүрген ешкімді байқай қоймайсың. Ауылдағы туған-туыс пен қаладағы ағайынның арасын жақындастырып тұратын сәлем-сауқат та сиреген. Осыны ойлағанда, дана қазақтың туысына деген бауырмалдығы мен сыйластығын арттыратын осы бір дәстүрін сағынасың, аңсайсың…

ЖЫЛУ

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ауыр тұрмыстық жағдайға душар болған адамға көрсетілетін жәрдемнің бір түрі «жылу» деп аталады. Мұндай жәрдем жұт болып, малы қырылғанда, үй-жайы өртеніп, баспанасыз, киім-кешексіз қалғанда, шектен тыс қарызға батқанда жеке адамға туған-туысқаны, көрші-қолаңы, ауылдастары тарапынан көрсетіледі.

Қазақтың ынтымағын көрсететін, бірлікке бастайтын, жанашырлық танытатын жылу жинау дәстүрі заманында Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағына да еніпті. Жылу ауыл ақсақалы немесе беделді адамның айтуымен жиналады. Асар мен жылудың табиғаты бір-біріне ұқсағанымен, айырмашылығы бар. Асар тек қол еңбегімен атқарылса, жылу – киім-кешек, мал, ақшалай, заттай т.б. беріледі.

Бүгінде халқымыздың осы бір керемет дәстүрін өзгенің мәселесіне бей-жай қарай алмайтын блогерлер мен түрлі қайырымдылық қорлары атқаруда. Қайырымдылық қорлары елден жылу жинау арқылы үй-жайы жоқ мыңдаған отбасыға баспана беріп келеді. Олардың арасында күн көрісі төмен, асыраушысынан айырылған немесе бірнеше мүгедек баласы бар жалғызбасты аналар да бар. Әрине бұл барлық мұқтаж жандардың қажеттілігін өтемегенімен, қаншама балаға қуаныш, ертеңгі күнге деген үміт сыйлады.

Енді осы осы игі дәстүрімізді бір-біріне мейірімсіздеу болып жатқан ағайын-туыс мен жақын-жуықтың арасында насихаттай жүрсек, ізгі қоғам құру жолында тағы бір қадам басқан болар едік. Сонау қиын-қыстау кездің өзінде елімізге күштеп қоныс аударылған өзге ұлт мен ұлысты бауырына басып, барымен бөліскен халықтың ұрпағы екенімізді ұмытуға болмайды.

Кеулімжай ҚҰТТЫ

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл