Абай әндері енді ағылшынша орындалады

Лондонда Абай әндерінің тұңғыш жинағының онлайн-тұсаукесері өтті. Кітапты ұлы қазақ ақыны және философының 175 жылдығына орай Ұлттық аударма бюросының қолдауымен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі басып шығарған.

Жоба авторлары әдеби шығармашылықпен қатар, бай музыкалық мұра қалдырған Абайды бүкіл әлемге жаңа қырынан таныту идеясын ұстанған. «Абайдың поэзиясы, философиялық және мәдени еңбектері халықаралық деңгейде танымал.

Бірақ оның музыкалық мұрасы туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан осындай кітап шығаруға бекіндік. Ішінде Абайдың ең танымал әндері жинақталған. Басылымның басты ерекшелігі оның QR-кодтары бар. Солар арқылы біздің шетелдік достарымыз веб-сайттарға сілтемелер тауып, қазақ музыканттарының орындауындағы Абай әндерін тыңдай алатын болады», – деді кітаптың тұсаукесерінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов.

Салтанатты шараға орай Абай әндерінен құралған онлайн-концерт өтті. Бастапқыда ұйымдастырушылар іс-шараны концерттік залда өткізуді жоспарлаған болатын. Осылайша британиялық көрерменге қазақ музыкасының сұлулығын танытуды мақсат еткен.

Бірақ пандемия аяққа тұсау болды. Жаңа британиялық поп-сенсация, әнші әрі автор Смайли (Smilee) «Көзімнің қарасы» әнін ағылшын тілінде орындап, тыңдарманды таң-тамаша етті. Ньюкасл қаласынан келген жас әнші, ақын және композитор Аннабель Паттинсон болса, «Желсіз түнде жарық ай» әнін Шекспир тілінде нақышына келтіріп шырқады.

Қазақстандық өнер қайраткерлері және жас орындаушылар Айман Мұсақожаева, Ерлан Рысқали, Ержан Максим және басқалары симфониялық оркестрдің, домбыраның және фортепияноның сүйемелдеуімен жүрек тербер Абайдың әндерінен шашу шашты. Шығармаларды ағылшын тілінде жан бітіруге әйгілі шотланд ақыны, профессор Джон Бернсайд атсалысты. Ол әдеби аудармалары арқылы түпнұсқаға барынша жақын болуға тырысты. Қазақстандық тарап Бернсайдты сөзбе-сөз тәржімамен қамтамасыз етіп отырды.

«Өте қиын болды. Бірақ талап үдесінен шығуға тырыстық. Өйткені бұл жобаға өз басым қатты қызықтым. Абай өлеңдерінің ритмикасын жоғалтпай, дәлме-дәл аудару басты талап болды. Сонымен қатар ұйқас жағын да ұмытпау керек болды. Мұндай өлеңдер аударылғанда, әдетте, бұл стратегия қолданылмайды», деді Джон Бернсайд. Жинақтың ішінде 3 күй және 23 ән бар.

Сонымен қатар Абай әндерінің мәтіндері мен партитуралары қоса тіркелген. Алғашқы тиражы – 1500 дана, бірақ оны интернеттен де табуға болады. Кітап музыкалық білім беру орындары мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы достары арасында таратылмақ.