Адам өмір бойы бойына ізгі қасиеттерді жинақтауымен адамдық қалпын сақтайды. Сондай ізгі қасиеттердің бірі кешірімділік екені сөзсіз. Кешірімділік ынжықтық не көңілжықпастық емес. Кешірімділік жанашырлық, мейірімділік, мейірбандық, жүрек жұмсақтығы, имандылық, иілгіштік, эмпатия секілді қасиеттерден туады. Кешірімді жанды жұрт та бағалайды. Себебі кешірімділік әрдайым суық қатынастардың алдын алып, адамдар арасын жарастырады, татуластырады, біріктіреді.
Жаратушы иенің кешірімділігі
Ислам сенімінде Жаратушы Алла өте кешірімді, мейірімді әрі аса рақымды. Кешіргенді ұнатады әрі молынан кешіреді. Бұны Қадір түні қандай дұға оқуды сұраған Айшаға анамызға Пайғамбарымыздың «Аллам, сен өте кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, мені кешіре гөр» деген дұғаны үйреткенінен білеміз. Демек, Жаратушы ие өте кешірімді әрі құлдарын кешіргенді ұнатады. Пенделерге қателік пен күнә жасау жараспаса да, Ұлы Жаратушыға кешірген жарасады.
Алла Тағала Құранда: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол!» – деп, (Ағраф» сүресі, 199-аят) өзінің елшісін де басқаларға кешірімді болуға шақырған. Осы сүренің 199-аятында: «Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!» – деп әмір еткен. Тағы бір аятта: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық жасаса, содан кейін Алладан жарылқау тілеп, кешірім сұраса, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді ретінде табады», – («Ниса» сүресі, 110-аят) деген. Сондықтан адам баласы пенделікке салынып, бағытынан жаңылып, қателікке бой алдырса, дереу Раббысын есіне алып, шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла Тағала пендесін кешіреді. Өйткені Ол – асқан кешірім иесі. Исламда Алладан кешірім сұрау дұғасы «истиғфар» деп аталады. Яғни «Астағфирулла» деген сөз «Аллам, мені кешіре гөр!» деген сөз.
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) кешірімділігі
Құранның «Әнбия» сүресінде айтылғандай, әлемге рақым жаршысы ретінде келген ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) адамзатқа Жаратушының мейірім, кешірімін танытып, іс жүзінде өзі де мейірімді, кешірімділігімен үлгі көрсете білді. Себебі Ислам сенім жүйесінің орнықтырғысы келген тәрбие: адамгершілік, мейірім, кешірім, жанашырлыққа негізделді. Исламды жаю ісінде қандай ауыртпалықтар мен қиындықтарға душар болса да хазірет Пайғамбарымыз өзінің «мейірімділік жаршысы» екенін бір сәт есінен шығармаған. Ол өзі тап болған жақсылықты, жамандықты жағдайлардың барлығына да кешіріммен қарай білген.
Мәселен, қызы Зейнептің өліміне себеп болған кісіге кешірім жасаған, көкесі Хамзаны шейіт еткен Уахшиды, сондай бір кекпен өкпе-бауырын қолын алып, шайнаған Хиндті де кешірген. Қоштасу хұтбасында барлық құн дауларын жойғанын білдірген. Меккені азат еткен күні өзіне сол уақытқа дейін жамандық жасап келгендерге «Бүгін мен ешбіріңнен кек алмаймын. Барыңдар, бәрің де боссыңдар» деп, қанында кекшілдік жоқтығын, қайта мейірімділікпен іс жасауды ұнататынын білдіріп, жұртты өзіне тәнті еткен. Ардақты елшінің өмірінде оның қабырғасын қайыстырған бұндай оқиғалар аз емес. Дегенмен бұндай келеңсіздіктердің бәрін де кең жүрек, кешіріммен жеңе білгені анық.
Кешірімділікті ұстанған мұсылмандар
Ардақты пайғамбарымыз өнегелі өмірінде кешірімділікті берік ұстаным еткендіктен, сахабалары да әрқашан кешірімді болуды өздеріне әдет етті. Мына бір оқиға соның айғағы. Хазіреті Әбу Бәкір (р.ғ.) кедей Мұстах есімді бір мұқтажға үнемі жәрдем беріп тұратын. Ифк оқиғасы деген атпен белгілі болған хазіреті Айша анамызға жала жабушылардың ішінде Мұстах та бар болатын. Бұны естіген кезде хазіреті Әбу Бәкір бұдан былай оның жанұясына көмектеспеуге ант ішеді. Әбу Бәкірдің жәрдемі тоқтап қалған кезде Мұстахтың жанұясы бейшара халге түседі. Бұл Мұстах Айша анамыздың немере бауыры еді.
Ғалымдарымыз мына аяттың осы оқиға кезінде түскендігін риуаят етеді: «Араларыңдағы молшылық пен дәулетке ие болғандар жақындарына, міскіндерге, мұхажирлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін! Ғапу етіп кешірсін. Алланың сендерді кешіруін қаламаймысыңдар ма? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді!» (“Нұр” сүресі 22-аят).
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Әбу Бәкірді шақырып: – Саған Алла Тағаланың кешірімі керек пе? – деп, жоғарыдағы аятты оқып береді. Сонда Әбу Бәкір (р.а.): – Әлбетте мен Алланың кешіруін қалаймын! – деді де, антын бұзып, әрі мұны бұзғандығы үшін кәффаратын да өтеп барып, Мұстахтың жанұясына жәрдем етуін жалғастырды. Себебі, ол Алланың кешіріміне лайық болу үшін кешірімшіл бола білу керектігін түсінген.
Тағы бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейн бір-бірімен ренжісіп қалады. Ағасы Хасан «інім келіп кешірім сұрайтын болар» деп күтеді. Алайда інісі Хусейн кешірім сұрауға келмейді. Шыдай алмаған соң ағасы Хасанның өзі інісіне келеді, сөйтсе інісі Хусейн де сағынып жүр екен. Хусейн ағасын көре салып, құшақтап жылап жібереді. Сонда ағасы Хасан: «Сен кішісің ғой, неліктен бірінші болып кешірім сұрамадың?» – дейді. Сонда інісі Хусейн: «Жаным ағатайым, кім бірінші болып кешірім сұраса, соған жәннаттан сарай тұрғызылады. Сол сарайға сіздің ие болғаныңызды қаладым. Сол жәннатты сізді алсын деп тосқан едім», – деп көз жасын сүрткен екен.
Кешірімге әркім мұқтаж
Өмір болған соң қателеспейтін жан жоқ. Қазақ оны «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп түйген. Өмірде кез – келген адамға үлкенге де, кішіге де кешірім сұрауға тура келіп жатады. «Кешірім сұрай білу – кісілік», – дейді заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов. «Кешірім сұрап келсе, әкеңнің құны болса да кеш», «Кешірімділік – анадан, кішіпейілділік – данадан», – дейді халық даналығы. Құран, сүннет өлшемдерін өнеге ете жүріп, «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі», – деп ұрпағына тәлім де берген. Шәкәрім Құдайбердіұлы кешірімділікке шақырып былай дейді:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі.
Қорыта келгенде, қоғамда татулық пен тыныштық орнатуда, адамдар арасын жарастыруда әркімнің бойында болуы тиіс кешірімділік мінезінің алар орны ерекше. Барлығына кешірім, сыйластық, түсіністік, сергектікпен қарай білетін жандар көбейген сайын қоғам жақсылыққа көбірек жақындай түсетіні анық.
Кешірудің артықшылықтары көп-ақ. Бір хадисінде ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) ол туралы мынаны айтқан: «Егер кімде үш қасиет болса, Алла тағала оның есебін жеңіл етіп, мейірімімен жәннатқа кіргізеді. Сахабалар олардың қандай қасиет екенін сұрағанда, мынандай жауап естіген: «Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық еткен адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең жәннатқа кіресің». Ендеше, өзара қателіктер мен ағаттықтарды кешіре білетін кең жүректі болуға тырысайық, өйткені кешірімділік жәннаттық амалға жатады.
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының Бас имамы