Аллаға тәуекел етудің маңыздылығы

Барша мақтау мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Аса Қамқор ерекше мейірімді, Алланың атымен бастаймын.

Адамзат баласын көркем бейнеде жаратқан Ұлы Раббымыз, біздерге хақты танытып, халал мен харамның ара жігін ажыратуды үйретті. Сонымен қатар, біздерге қиямет күніне дейін тәлім-тәрбие үйрететін пайғамбарлар жіберді. Біздерді ақыл иесінен етіп жаратты.

Арабтың «Тәуәккул» сөзінен енген тәуекел сөзі «қиындыққа төзу» деген мағыналарға саяды. Яғни жүрегі Аллаһқа деген иманға толы кісінің тек Аллаһқа ғана сенім артуы және Оған ғана сыйынуы деген сөз.

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Әсте өлмейтін, хақиқи өмір иесі әрі мәңгі тірі Аллаһқа тәуекел ет! Және оны мадақтап, пәкте!..»  (Фурқан сүресі, 58-аят).

Аллаһ Тағала құлдарының тек өзіне ғана тәуекел етіп, сенім артқандарын қалайды. Қасиетті аяттарда былай делінеді:

«…Аллаһқа тәуекел еткен кісіге Аллаһ жеткелікті!..» (Талақ сүресі, 3-аят).

 Сондай-ақ, Хазірет Пайғамбарымыз да:

«Егер де Аллаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, Хақ тағала сендерді таңертең ұясынан аш құрсақ ұшып шығып, кешке қарай жемсауы толып оралған құстарды ризықтандырғаны секілді ризықтандырар еді», деп айтқан.

Құрандағы тәуекел тақырыбы

Құранда тәуекел ұғымы жайлы бас-аяғы 61 сүреде 70 рет қайталанып айтылады. Бұның өзі тәуекел тақырыбының Тәңіріміз тарапынан тәрбиелік мақсатта қозғалған үлкен мәселе екенін көрсетсе керек.

Бізді екі дүние бақытына қауыштыратын, ақ пен қараны ажыратып көрсетуші жолбасшы ретінде берілген Құран Кәрімде былай делінген:

«Сонда пайғамбарлары оларға: Ия, біз бар болғаны сендер сияқты кәдімгі адам баласымыз. Алайда Алла құлдарының арасынан қалағанын ерекше бір жақсылыққа бөлейді. Сондай-ақ біздің Алланың рұқсатынсыз сендерге қандай да бір мұғжиза көрсетіп, дәлел келтіруіміз мүмкін емес. Шын мүміндер қашанда бір Аллаға ғана тәуекел етуі керек.»  (Ибраһим сүресі, 11-аят).

Аллаға тәуекел етудің 3 дәрежесі бар: 1) Тәуекел еткен соң өзінің жағдайын айтып шағымданбау, 2) Тәуекелден кейін Алланың бергеніне риза болу, 3) Тәуекел ете отырып Раббысы қандай нәтижеге жеткізсе де Аллаға деген махаббатын жоғалтып алмау.

Алла Елшісі (с.а.с) Аллаһ Тағаланың тәуекелшіл құлдарын әрі дүние де әрі ақыретте қорғайтындығын және олардың есепсіз және азапсыз жәннатқа кіретіндіктерін мына бір шарапатты хадисі арқылы баяндайды:

«Бұрынғы өткен үмбеттер маған көрсетілді. Бір пайғамбар көрдім, қасында үш-төрт уісілік бір топ бар екен. Тағы бір пайғамбар көрдім, қасында бір-екі кісі бар екен. Және бір пайғамбар көрдім, оның қасында ешкім жоқ.

Сол кезде алдымнан қалың бір топ шықты. Менің үмбетім шығар деп ойладым. Маған «Бұлар Мұсаның үмбеті. Сен көкжиекке қара!» деді. Қарасам, тым үлкен қарайған нәрсе көрінді. «Міне осылар сенің үмбетің. Араларында есепсіз және азапсыз жәннатқа кіретін жетпіс мың кісі бар» деді».

Ибн Аббас (р.а) былай дейді:

Осыларды айтқаннан кейін Хз. Пайғамбарымыз орнынан тұрып үйіне кетті. Сол жерде отырған сахабалар хадисте айтылған жетпіс мың кісінің қандай адамдар екендігі жайында өзара әңгімелесе бастады. Біреулері «Олар пайғамбардың сұхбатында болған кісілер шығар» деді. Кейбіреуі «Олар Ислам діні келгеннен кейін туылып, шірікті білмеген кісілер шығар» деді. Тағы да басқа жорамал айтқандар да болды. Олар осы мәселені талқылап жатқанда Расулуллаһ (с.а.с) қастарына келді. Сахабалар:

  • Есепсіз әрі азапсыз жәннатқа кіретіндердің кімдер екендігі жайында

әңгімелесіп жатырмыз, – деді. Сол кезде Расулуллаһ (с.а.с):

«Олар сиқыр жасамайтын әрі жасатпайтын, жаман ырымдарға

(сәтсіздікті бір нәрседен көру) сенбейтін әрі Раббыларына тәуекел етіп, бел байлайтындар» – деді.

Осыны естіп тұрған Уккаша бин Мыхсан (р.а) орнынан атып тұрып:

«Менің де солардың қатарынан болуым үшін Аллаһқа дұға етіңізші (Уа, Расулаллаһ!)» деп өтінді.

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с):

«Сен солардансың!» – деді… (Мүслим, Иман 374)

Олай болса, тәуекелдің талаптары мен шарттарын шариғатқа сай сақтай отырып, Мәңгі Тірі, құдіреті шексіз, көктер мен жерді меңгерген жалғыз Аллаға шынайы тәуекел ете білсек, ісіміз оңға басып, екі дүние бақытына бөленеріміз хақ!

Алла Тағала біздерді Өзіне тәуекел ете білген, жүрегі тәуекелшіл, еңбекқор, ақыл-ойы алға жетелейтін алғыр құлдарынан болуымызды нәсіп етсін! Әмин.

Мұхамедкәрім СМАТҰЛЫ,

«Қажымұқан Мұңайтпасов» мешітінің наиб имамы, Атырау қаласы.