Қазақстан мен Мысыр оқу-ағарту, діни ынтымақтастық саласында ортақ келісімге келді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапары барысында Каирдегі Пәтуа беру орталығында болып, Мысыр мүфтиі Шауқи Алламмен кездесті.

Тараптар мұсылман үмбетін алаңдатқан бірқатар мәселені, атап айтқанда ипотекамен үй алу, діни мерекелерді бекіту, өз елінде кең тараған мәзһабты ұстану сынды жағдаяттарды талқылады. Мүфтилер осы  бағытта ортақ пәтуа қабылдауға уағдаласты.

Қазақстан және Мысыр мүфтиі екіжақты әріптестік һәм бауырластық байланысты арттыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр Араб Республикасының Пәтуа беру орталығы арасындағы ғылыми және діни ынтымақтастық туралы келісімге ресми түрде қол қойып, өзара құжат алмасты.

Аталған құжат екі тарапқа түрлі діни ағымдар мен пікірлерді сараптап, зерттеу жүргізуді, зерттеу жұмысының қорытынды пәтуасын шығаруды міндетттейді.

Сондай-ақ Мысыр тарапы Қазақстаннан жіберілген имамдар мен ғалымдарға пәтуа шығаруды, пәтуа беру әдісін үйретуді өз міндетіне алады.

Келісімге сәйкес тараптар оқу-ағарту, кітап шығару, біліктілікті көтеру, Исламға қатысты қате ұғымдарға дер кезінде жауап беру сынды бірлескен жобаларды жүзеге асырады.

Ортақ мақсатты орындау үшін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен ҚМДБ жанынан жұмыс тобы құрылды.