Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасында жазды. Бас имамның жазуынша, мешіттер халық сұранысы және құлшылық үйлері негізінен шалғай ауылдарда тұрғызылады.
«Біріншіден, мешіттер халықтың сұранысына сай және демеушілер тарапынан тұрғызылғалы отыр. Екіншіден, құлшылық үйлері негізінен аудандардағы мешіті жоқ шалғай ауылдарға салынады. Сондай-ақ мешіт жанында заманға сай асхана, дәрісхана имам үйін салуды да талап етіп отырмыз. Мүмкіншілігі барлар жалақысында төлеп беруде. Үшіншіден, Атырау облысындағы халықтың орналасу тығыздығына шаққанда, Атырау басқа аймақтарға қарағанда мешіт саны ең аз өлке саналады. Төртіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халық сұранысына сай, мешіттер тұрғызуға рұқсат беріп отыр. Бесіншіден, исламды құлшылықпен ғана шектеп қою қате пікір.
Бес уақыт намазбен бірге, ислам – білім алуды парыз еткен дін. Кезінде Еуропаға ғылым мен өркениетті апарған ислам ғалымдары екенін ескерсек, мешіттеріміз тәрбие мен руханияттың, һәм ілімнің, өркениеттің ошағы ролін атқара алады.
Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген тамаша тәмсіл бар. Мешіт санының көбеюі – иманды, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуімізге оң ықпал етеріне сенім мол. Жалпы қазағымыздың дәстүрі Исламмен біте қайнасып жатқанын ұмытпағанымыз жөн.
Мәселен сәбидің құлағына азан шақырғаннан бастап неке қию, өмірден өткенде жаназасын шығару сияқты үрдістерді сауаты бар мешіт имамдары шығарған дұрыс. Алла елімізден иманды, ибалы білімді жастардың шыға беруін нәсіп етсін» делінген жазбада.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.