«Ұрпақ тәрбиесі бір күндік мәселе емес. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік күрделі миссия» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
- Ұрпақ мәселесінде қандай дүниелер назардан тыс қалып жатыр?
– Ел болу, тәуелсіз мемлекет құру идеясы қаймана қазақтың о бастан асқақ арманы болып келді. Қазақстанның тәуелсіздік тұғырында нық орнауы оның болашағын сомдайтын бүгінгі жас өркеннің тәрбиесімен тығыз байланысты. Отбасында ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу ісіне деген жауапкершілікті бір сәтте де естен шығаруға болмайды. Бесік сөзі тәрбиенің ұлттық сипатта болуы қажеттігін аңғартатындай.
Бүгінде осы ұлық міндеттің көп салмағын мұғалім мен ата-ана бірлесе көтеріп келеді. Анығында айдарлы ұл мен қылықты қыздың тәрбиесіне қоғам өкілдері тұтас жауапты. Мектеп, ата-ана, ұстаз үштігінің бала тәрбиесіндегі рөлін әрдайым бекемдей білген дұрыс. «Баланы өз дәуір талаптарына қарай тәрбиелеңдер» деп әзірет Әли (р.а.) айтқандай, бала заман талабына сай білім алуы тиіс. Әрине, біліммен қатар тәрбиені де лайықты түрде бере білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бала тәрбиесінде оның рухани толысуы да ерекше мәнге ие.
– Десе де, кейде Әл-Фарабидің « Тәрбиесіз берілген білім қоғамға зиянын ғана келтіреді» дегенін назардан тыс қалдырып жатқандаймыз…
– Баланың мұсылмандық тәрбиесінде оны қаршадайынан адалдыққа, еңбекқорлыққа, тазалыққа, білім ізденуге, дене шынықтыруға, өз жынысына сай еңбек түрлеріне баулудың мәні зор. Ардақты Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ұл баланы күреске, жүзуге, садақ атуға, жүгіруге баулу керектігін өсиет еткен.
Қыз баланы да ұлдан кем көрмей білім алуына жағдай жасаған дұрыс. Дегенмен «Қызға қырық үйден тыйым» демекші, оның жүріс тұрысын жат көздерден қорғау да қамқоршылары мен жақындарына үлкен жауапкершілік жүктеген. Мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жасөспірімдер проблемалары оларға көп көңіл бөлу керектігін аңдатуда.
Жастар арасындағы әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ерте неке қидыру, оқуды тастап кету, арақ, есірткі секілді жаман әдеттерге үйірсектік, ата-аналарынан безіну, діни жіктелу бұлардың барлығы да оларға көңіл бөлудің аздығы мен тәрбие беру жүйеміздің нашарлағандығында. Оқушыларды қандай жағдайда да мемлекет қамқорлығымен тегін білім алудан шеттетуге болмайды. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
– Сұхбатымызды қорытындыласақ…
– Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген керемет сөз бар. Қай уақытта да, қай ғасырда да өзектілігін жоймайтын бұл сөз – болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты екенін білдіреді. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА
(Мақала Азаматтық бастамаларды қорғау орталығының тапсырысымен дайындалды)