Адал еңбек ету, игі іс істеу бір- бірінен ажырамас ұғым. Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді.
Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.
Рас, адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы.
Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс.
Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Адал жолмен, маңдай термен табыс табу екі дүниені де абат қылатыны ескертілген. Жалпы, шариғат бойынша, адал еңбек етудің өзі дұғаның бір түрі екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, «Халал еңбек ету – әр мұсылманға парыз», «Халал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», – деген ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман қауым үшін адал еңбектің қаншалықты маңызды екендігін де саралап тұрып айтып кеткен. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Рухани тұғырнаманы оқып отырған адам ондағы сүбелі ойлармен және оның бүгінгі күн тұрғысынан өзекті екендігімен еріксіз келіседі деген пікірдеміз.
Айталық, қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші емей немене?! Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.
Қасиетті Құранда: « … Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады…» («Һуд» сүресі, 61-аят) дейді.
Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін» деп айтатын.
Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен.
Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауға, қоғамдық орындарды ластамауға, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде тазалық – иманның жартысы делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның әдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс- әрекеттен аулақ болуы тиіс.
Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке бола ма? Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш ол – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді.
Қасиетті Құранда : «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады …» (Имам Муслим) деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетіндігін айтқан. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді.
Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен.
Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төле би бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған.
Жалпы алғанда, ел болу үшін өзгерісті жеке басымыздан бастағанымыз дұрыс. Елге деген, еңбекші қауымға деген, мемлекетке, болашаққа деген дұрыс көзқарас қалыптастыра білуіміз керек. Өзін тәрбиелей алмаған жанның өзгелерді тәрбиелеуі мүмкін емес.
Ендеше, ізгілікке әуелі өзімізді баулу арқылы өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің «Өзгерісті өзіңнен баста» деп қоғамға ой тастауы да сондықтан. Жоғарыда тілге тиек етілген жайттарды әрдайым назарда ұстасақ, етек-жеңі жинақы, еңселі ел болуда өз септігін тигізеді деген ойдамыз.
Алтынбек Ұтысханұлы,
Атырау облысының Бас имамы
(Мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы тапсырысымен жарияланды)