Аманат арқалаудың жауапкершілігі қандай?

Көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым қашан да қоғамды сауықтыру ісімен шұғылданды. Ал қоғамның саулығы әрбір жеке адамның рухани саулығы мен кісілік келбетіне, ішкі жауапкершілік сезіміне тікелей байланысты.


Бүгінгідей ғылым мен техника шарықтап дамып, техногендік өркениет жағдайында өмір сүрсек де адамның адам болып қалу мәселесі үнемі өзектілігін сақтап келеді. Айтпағымыз, қоғам проблемаларының астарында адам руханиятының қатты зақымдануы я мешеулігі жатыр. Адам тек материалды мүдде соңында кетпей, руханият әлемінің тетіктерінен ұстанып, өз жаратылыс мақсатын, ел алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінгенде ғана өзінің саф болмысын сақтайды. Қазіргі әрбір адам жасап жүрген қызметімен үлкен аманат арқалаушы, алайды ол бұны сезіне ме?

Отбасы отағасына, шәкірттер ұстазға, жұмыскерлер басшыға аманат. Алланың аманаты, бабалар аманаты… Ой жүгіртіп қарасақ, баға жетпес құндылықтарымыздың әрбірі бізге аманат. Ал үлкен қасірет – сол аманатты сезінбеу, оған қиянат жасау.
Болмысы бекзат қазақ халқы аманат ұғымына ерекше мән беріп қараған. Ұрпағын аманатқа қиянат жасамауға тәрбиелеген. Орындауға тапсырылған міндетке әрдайым қырағы қарауға баулыған. Құран мен хадистерде аманат ұғымы ерекше қолға алынған. Ол – мұсылман қоғамын ұстап тұратын мызғымас негізгі рухани тіректердің бірі.  


Қасиетті Құран Кәрімде «Әнфал» сүресінің 27-аятында «біле тұра аманаттарыңа қиянат жасамаңдар» делінсе, келесі аятта:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

» Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, бәрін көруші» («Ниса» сүресі, 58-аят) делінген.


Шын мұсылман өзіне тапсырылған аманатты сақтауға өте қырағы қарауы керек. Оның имандылығы да сонымен өлшенеді. Құранда жауапкершіліктің тау шыдамайтындай ауыр екені, ал соны мойнына алған адам баласының одан бейғам өмір кешіп жатқаны білдірілген. «Мүминун» сүресінің алғашқы аяттарында сондай бейқамдыққа түспеу үшін неге мән беру керектігі айтылған:
 قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ {1} الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ {2} وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ {3} وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ {4} وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ {5} إِلَّا عَلَى أَزْوَاجِهِمْ أوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ {6} فَمَنِ ابْتَغَى وَرَاء ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْعَادُونَ {7} وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ {8} وَالَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ {9} أُوْلَئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ {10} الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ {11}


«Шынында, иман келтіргендер құтылды. Олар – сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. Олар – бос нәрселерден аулақ болады. Олар – зекеттерін береді. Олар – ұятты жерлерін сақтайды. Бірақ жұбайлары немесе меншіктілері болса, оларға сөгіс жоқ. Онда кім бұлардан басқаны іздесе, міне, солар – шектен шығушылар. Олар – аманаттарын, уәделерін қорғаушы. Олар – намаздарына ұқыпты. Міне, солар – мұрагерлер. Олар онда мәңгі қалатын Фирдауыс жәннатына мұрагер болады».


Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) аманатқа қиянат жасаушыны екіжүздіге жатқызып, хадисінде былай дейді: «Екі жүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады, уәде берсе орындамайды, аманатқа қиянат жасайды» (Имам Бухари, Мүслим риуаят еткен). Басқа хадистерінде «Аманат жоғала бастағанда қиямет жақындайды. Істерді лайық болмаған адамға тапсыру – аманатты жоғалту болып  табылады»  немесе «Аманатты сақтау ризықты арттырады, ал қиянат кедейлікке жол ашады»  деп ескерткен.


Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдардың бір-біріне деген сенімі қалыптасады, ел ішіне ырыс-береке ұялайды, ешқандай құндылықтар аяқ асты етілмейді. «Алла және елшісі аманатты сақтайтын адамды жақсы көреді» деген хадиске қарасақ, аманатшыл құлдарын Жаратушы иеміз жақсы көретін болады. Күнделікті өмірімізде мойнымызға жүктелген аманаттар аз емес.

Бабалар аманатының бірі ол – тіл

Тіл – атадан балаға мирас болатын баға жетпес асыл мұра. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ұлттың жаны. Тіл – ұлттың жан дүниесі, тәуелсіз елдігінің белгісі. Қазақ халқы небір тар жол, тайғақ кешулерді бастап кешсе де, сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.

Біле білсек, тіл тағдыры – ел тағдыры. Мемлекеттік тіл ретінде ана тіліміздің мәртебесінің өсуі өзімізге тікелей байланысты. Күнделікті өмірде ана тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуге атсалысуымыз керек. Тілі жоғалған ұлттың бақыты баянды болмайды. Қазіргі үлкен аманаттың бірі – осы қазақ тілін сақтап қалу. Дүбәралық, ана тілін шала білу бізді ешқашан жақсылыққа апармайды. Осы бағытта аралас мектептердегі қазақ тіліне көп көңіл бөлуіміз керек ақ.


Жаратушы иеміз адам баласын әр түрлі етіп жаратқан. Яғни әр ұлтты ерекшелеп тұратын ұлттық сипат берген. Әр ұлт өзге ұлттардан осы ұлттық ділімен, тілімен ерекшеленіп тұрады. Қазір қанша жерден шетел тілдерін үйрену керек десек те, ана тілдің орны мен мәртебесі қашан да биік тұруы тиіс.


Тіл мәселесін балабақшадан, бастауыш сыныптардан бастап қолға алу керек деген ұсыныстар мен көзқарастар өте орынды деп білемін. Күні кеше ғана туған тілдің қадірі жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» десе, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барлық дін қызметкердің ана тілімізді білуі міндет дегені аманатқа қаншалықты қарау қажеттігін ескертеді.

Бабалар аманатының бірі ол – жер

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер! – деп Мұқағали ақын шабыттана өлеңге қосқан, қазақтың кең байтақ жері қашанда әр қазаққа ыстық әрі қымбатты.

Қазақ жерінің сұлу табиғатына сүйсіне шабыттанбаған ақын кемде кем. Туған жер дегенде толқымайтын көңіл, тебіренбейтін жүрек болмайды. Анығында жері жоқ елдің тәуелсіздігі жоқ. Бұл жерді ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сан ғасырдан бері қорғап келіп ұрпаққа аманаттады. Ата қоныс, ата мекен, туған жер, жер ана ұғымдары қазақ үшін қай уақытта да киелі ұғымдар болып келді.


Қазақ жерінің тарихын Мұхтар Мағауин былай деп атап көрсетеді: Алғашқы қауымдық құрылыс ыдырағаннан соңғы кезеңдегі тарихта ізі қалған сақтар, үйсіндер, қаңлылар және ғұндар – қазақ халқының ежелгі ата-бабалары. Солар құрған тайпалық бірлестіктер біздің арғы бабаларымыздың осы өңірде орнығып, ұрпаққа ұрпақ жалғауына негіз болды.


Қазіргі Қазақстан жеріне тікелей қатысты Ұлы Түрік қағандығы, оның ішінде Батыс Түрік қағандығы, одан соңғы Түркеш қағандығы, Қарлұқ қағандығы, Оғыз мемлекеті, Қарахан хандығы, Қимақ және Қыпшақ бірлестіктері – біздің ежелгі мемлекеттік құрылымдар болып есептеледі. Бұл замандарда (V-XІІ ғасырлар) біздің ата-бабаларымыз өздерінің елдік дәстүрлерін қалыптастырды, әскери зор қуатқа жетіп, өз кезеңіне сай мәдениеттің озық үлгілерін тудырды.


Алтын Орда заманында, оның құрамындағы, қазіргі Қазақстан республикасының шегін қамтыған Көк Орда тұсында (XІІІ-XV ғасырлар) елдік сана бірінші орынға шықты, кейін қазақ аталған халықтың ұлттық бейнесі, өзіндік сыпаты, нақты мекен-жайы бұрынғыдан гөрі айқындала түсті.


Алтын Орданың ыдырау кезеңінде құрылған, алғаш рет 1456 жылы ту көтерген Қазақ Ордасы қазақ халқының өз есімімен аталған ұлттық мемлекеті болып табылады. Осы бір тұста жалпытүріктік ортақ арнадан бөлініп, қазақ атты этноним біржола орнығады. Қазіргі тәуелсіз республика шегіндегі жұрт – қазақтар деп, ал олардың жаңа мемлекеттік құрылымы Қазақ Ордасы немесе Қазақстан деп атала бастайды.


Қазақ Ордасы өзінің қуатының шарықтау кезеңінде қазіргі Қазақстан территориясын және онымен шектес тағы бірталай аймақты иеленеді. Иә, осы қуатты, кең-байтақ, ұлан-ғайыр жері арқылы Қазақстан әлемде тоғызыншы орында тұр. Ендеше, аялап, өңдеп, мол өнім алып отырған жерімізді кейінгі ұрпаққа дәл осы қалпында бұзбай, аман-сау жеткізе білу де аманат.

Дін – аманат

Үлкен қастерлі аманаттың бірі – ол дін екені шүбәсіз. Расулалла «Екі нәрсені қалдырып бара жатырмын. Бірі Құран, екіншісі менің сүннетім. Осыған жабыссаңдар, адаспайсыңдар» деп, Құран мен Сүннетін аманаттап кетті.


Сахабаларымыз да өз дәуірінде ислам дінін шартарапқа жеткізуге жанын салды. Кейінгі ұрпақ, исламды қабылдаған соң түркілер де осы іске білек сыбана кірісті. Түркі ойшылдары Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бақырғани, Жалаири, Кердерілер, Абай, Шәкәрім бәрі өз шығармашылық қуатын ислам дінін насихаттауға сарқа жұмсап, бұл аманатқа беріктік танытты.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас» деп өлең жазып, қара сөз жазып, ұрпақтың иманын сақтап қалуға бағдаршам іспетті асыл сөздерін қалдырды.


Биыл ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Осы мерейтой қарсаңында, меніңше, ақынның жастарға өнеге боларлық ойлары мен пайымдарын көбірек насихаттауымыз керек. Күні кеше «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен» деп жырлаған Мұқағалилар ислам дінін өмірдегі рухани тірек ретінде қадірлеп өтті. Ал бүгін біздер осы Құран аманатына қаншалықты қарап жүрміз? Қасиетті кітабымызда не жазылғанын қаншалықты білеміз? Әлде тек Рамазан айында ғана оқып, соны місе тұтып жүрміз бе? Хадистердің біздерге аманат екенін қаншалықты түйсініп жүрміз? Отбасымызға имандылық жағынан не үйретудеміз?
Ендеше, исламның бес негізімен қатар өмір салтымызды Құран мен сүннет бойынша жүйелей білуіміз керек. Біздің діни жолымыз Исламның Сунниттік тармағы, оның ішінде ұлық имам Нұғман ибн Сәбит негізін қалаған Ханафи мәзһабы.

Берілген жан мен тән де аманат

Адамға берілген өмір құндылығы, жан мен тән де аманат. Өз-өзіне қол жұмсауға шариғатымызда қатаң тыйым салынған. Ауру, әділетсіздік, жала, қалауына қолы жетпеуі секілді түрлі себептермен ешкім де өзін өлімге қиюына рұқсат жоқ.


Суицид та жанға жасалған қиянат. Сабыр мен тәуекелді серік етіп, өмірді сынақ ретінде түсінген жан ондай қадамға бармайды. Ислам діні әрдайым өмірді, ақылды, дүние-мүлікті, дінді, ұрпақты сақтауды негізге алады.

Әркім жан мен тән саулығын сақтауға көңіл бөліп, ішімдік, темекі, есірткі секілді зиянды заттармен өз саулығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Себебі адам өзіне берілген тән мен жан саулығын қалай күткенінен түбі сұралады. Өмірде адамға берілген еш нәрсе сұраусыз қалмайды. Ендеше, есті адам өз денсаулығын күтіп, өзгелерге нұқсан келтірмеуі тиіс.

Тәуелсіздік – аманат


Тәуелсіз, ешкімге бодан емес ел болу бұл түсіне білгенге еш нәрсемен де айырбасталмайтындай бақыт. Өз елің, өз жерің, өз жұртыңда алшаң басып жүру бақыты бұйырмаған ұлттардың қазір жағдайының мүшкіл екені бәрімізге мәлім.


Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл сан ғасыр бойғы арманның жүзеге асуы. Тәуелсіздікке қан төгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізу ол өз алдына бір бақыт. Дегенмен тәуелсіздік жолында құрбан болған есіл ерлеріміз де аз емес, оларды ешқашан ұмытпауымыз керек.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елі қалыптасты, санасы азат ұландарымыз өсіп келеді. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да зор. Өйткені тәуелсіздіктің арқасында өткеніміз оралды, өшкеніміз жанды, тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Бүгінде мемлекетіміздің ұлттық рәміздері әрбіріміз үшін мақтаныш.


Міне, тіл, жер, дін, тәуелсіздік секілді құндылықтарды сақтау, қызғыштай қорғап, мұрты бұзылмаған күйінде келесі ұрпақтарға жеткізу бәріміздің мойнымыздағы үлкен аманат.
Біз осы аманаттарды сақтау жолында еңбек етуіміз керек. Сонда халықтың да ықыласына бөленеміз, Хақтың да разылығына қол жеткіземіз. Кері жағдайда, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, келер ұрпақтың алдында зор ұятқа қаламыз. Алла одан сақтасын!

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының бас имамы.