Әр адам білуі тиіс: Ниет тазалығының мәні неде?

Ниетті түзеп тұру қашан да, қай кезде де өзектілігін жоғалтпайды. Айналамызға көз жүгіртсек, әркім бір бастаманың қиялымен күн кешуде.

Қайда қарасақ та, «мынадай бір іс жасайын деп ем», «пәлендей бір бастаманы қолға алған едім» деген адамдарды көреміз. Адам кез келген істі белгілі бір нәтижеге қол жеткізейін деп жасайды. Бірақ әркімнің бір істі бастардағы ниеті, тілегі, мақсаты бірдей емес. Біреулер қарақан басының қамын, енді біреу отбасының күйбеңін ойласа, ендігі бір топ кісілер екі дүниенің, екі әлемнің бақытын тілеп іс қылады.

Мұсылмандар әміршісі Омар ибн Хаттабтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (Алла оған игілігі мен сәлемі болсын): «Іс әрекеттер түпкі ниетке байланысты. Расында әрбір адам ниет еткеніне ғана қол жеткізеді. Кімнің һижреті Алла мен елшісі үшін болса, оның хижреті Алла мен елшісі үшін болып табылады. Ал кімнің һижреті дүниеге қол жеткізу, не болмаса  (ұнатқан) әйелмен көңіл қосу үшін болса, оның һижреті сол мақсатта жасалған болады», – деп айтқанын естідім» – деген.


Демек ешбір амал ниетсіз басталмайды. Кез келген бастаманың жақсы-жаманы, адал-арамы, белгілі бір ниеті болады. Үлкен табиғин ғалым Суфиян Саури «Ниетімді түзеуден шаршадым» деген екен. Өйткені ниет ең маңызды және ең бастапқы табалдырық. Қазағымыздың кешегі би шешендері де тірліктің мәнін ақ пейіл, адал ниетпен астастырып түсіндірген. Мысалы Үмбетей жырау Тілеуұлы «Сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді» деп жүрек пен рух тазалығына шақырады. Ал Ізбасты шешеннен мынадай сөз қалған;
Көкірек таза болмаса,
Көз тазасы не керек,
Ниетің таза болмаса.
Тіл тазасы не керек.


Әрбір адам қай салада жұмыс жасаса да бәрінен бұрын ниеттің шынайылығы маңызды.Әркім өзінің ниетіне қарай қарымтасын алады деген хадиске орай бай болам дегенді бай қылу да, атақты болам дегенді атақты ету де Алла Тағалаға түк емес. Бірақ қолға алған ісімізде Алланың разылығын, елдің қамын, екі дүниенің бақытын қаламайтын болсақ, онда біздің жетістіктеріміз түбінде баянды емес. Алланың елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:
Ақиқатында Алла тағала шынайы Алланың ғана разылығы үшін болмаған амалды қабыл етпейді» 


Алла Тағала қиямет күні сақтаушы періштелеріне: «Бәленше деген құлымның амал дәптеріне мынаны мынаны жаз деп бұйырады. Періштелер: Уа, Раббым, бұл құлдың ондай бір нәрсесін сақтамадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ дегенде, Алла: «Құлым бұл нәрселерді мүмкіншілігі болса істеуді ниетіне алған еді», – деп жауап береді.


Әрбір ісіміз құмға сіңген судай пайдасы мен нәтижесін көріп, жемісін жей алмасақ, бар еңбегіміз зая болып, ахиреттің күнінде өкініште қалардай қауіп. Бір амалды жасар алдын, оны не үшін, кім үшін жасайытынымызға көңіл бөлуіміз керек. Ниетіміз Алланың разылығы үшін болса, оның қайырымын бұл дүниеде ғана емес, ақыретімізде де көруге үміттенеміз. Пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа (Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді» 

Ибн Аббастан келген бір хадисте:
«Ақиқатында Алла тағала бізге сауапты іс жасауды да күнәлі іс жасауды да жазған. Кімде кім жақсылық жасауды ниет қылып, бірақ оны іске асыра алмаса да, оған толық бір жақсылық амалдың сауабын жазады. Сондай-ақ жақсылықты ниет етіп, онысын іске асырар болса, оған оннан жеті жүзге дейін, тіпті одан көп сауап жазуы мүмкін. Ал кімде кім бір жамандыққа ниеттенсе, бірақ Алладан қорқып оны іске асырмаса, оған бір сауап жазылады. Сондай-ақ онысын іске асырар болса, сол істеген бір күнәсін ғана жазады»  деген.
Ниетіміз бен амалымыз сәйкес болып, құлшылылығымызды Алла қабыл етсін!

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

“Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы. Атырау қаласы.