Әдетте ел ішінде «бұйырғаны болар» деген түсінік бар. Бұл түсінік халқымыздың кеңпейілдігі мен мұсылмандық мінезін байқатады. Шыны керек кейде өмірдің қыр сырын түсіне алмай жатамыз.
Жақсылық күткен істе үмітіміз ақталмағанда, тауымыз шағылып, сағымыз сынып жатады. Ондайда кейбіреулер үмітсіздікке салынады, енді біреулер қатты торығып, психологиялық ауытқушылықтарға ұрынады. Алла Тағала Құран Кәрімде;
«.. бәлкім сендерге бір нәрсе ұнамас, алайда Алла сол істе қайыр болдырады» (Ниса сүресі 19 аят)
Әр істің қайырлысын тілеу кең түсінікті қамтиды. Өйткені адам жаны әр нәрсеге құмартқанымен ол қалауының өзіне қаншалықты жақсылық болып тиетінін білмейді. Айталық, байлығым болсын дегенімен ол байлықтың түбі негеи апаратынын, балам болсын дегенмен ол баланың қандай болып өсетінін, пәленге үйленсем деп зарыққанымен онымен бақытты тұрмыс кешетінін – кешпейтінін біле алмайды. Алла Тағала айтады:
«Сендер ұнатпаған істе жақсылық болуы мүмкін, сендер ұнатқан істе жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер»
(Бақара сүресі 216 аят)
Өмірде әр нәрсенің өз хикметі болады. Пенде әу бастан хикметі байқалмайтын істерді өзінің тар танымына салып, ұнаса жақсы, ұнамаса жаман деп үстірт бағалай алмайды. Өйткені адамнан гөрі Жаратушы Алланың қалауы басты орында тұрады. Бұл өмірде біз ойлағандай, біз жоспарлағандай бәрі рет ретімен бола бермейтіні мәлім.
Қайырын тілеу «болса болсын, болмаса қойсын» деген пассивтікті де білдірмейді. Адам тілегінің жүзеге асуы үшін қолынан келгенін істеп, әрекетін жасайды. Бейнелеп айтсақ өнім алу үшін жер жыртып, арық қазады, егін егеді, уақытында суарады, еңбектенеді. Алайда Алла Тағала қаламаса адам мұратына жете алмайтынын әрдайым қаперімізде ұстауымыз керек. Бір оқиғада кеме суға кетіп, аралда көп жыл жалғыз өмір сүрген кісі әрең деп соққан үйі аяқ астынан өртенгенде, қатты қайғырады.
«Осыны да көп көрдің бе?» деп Құдайға тіл тигізеді. Алайда алыстағы бір кеменің жағадан әлдеқандай будақтаған қою түтінді көріп, сол жаққа қарай бұрылғанын, дәл сол мезетте үйінің өртенгені оның аралдан аман есен еліне оралуына септігін тигізетінін ол білмеген еді.
Алла Тағаланың даналығы біздің ненің дұрыс, ненің бұрыс, не бізді бақытқа жеткізеді, не жеткізбейді деген пайымдауларымыздан да өте кең әрі терең. Сондықтан адамның өмірінде болып жатқан дүниелердің бәрі – дұрыс әрі дәл уақытында болып жатқан нәрселер. Бұл оң нұсқа, жақсы уақыт әрі жақсы жағдай. Осыны жете түсініп, қабылдау – адамға артық күш жұмсамай, жан азабына түспей-ақ, дұрыс шешімге келіп, оң өзгерулерге көңіл аударуға мүмкіндік береді. Йахй Сухайб бин Синан (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміннің жағдайы неткен керемет! Ақиқатында, оның жағдайы ол үшін қайырлы болып табылады, мұндай жағдай мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер бәр нәрсеге қуанса, Аллаға шүкір айтады әрі бұл оған қайырлы; егер оның басына қайғы түссе, ол сабырлық танытады әрі бұл да оған қайырлы болады» (Мүслим).
Ұлы ғалым, имамдардың бірі былай айтқан: «Егер Алла Өз құлының көзіндегі пердесін алып, құлынан гөрі оның қамын Өзі көбірек ойлап, оның істерін қалай тындырып жатқанын көрсетсе, Аллаға деген сүйіспеншіліктен құлының жүрегі еріп, Оған деген ризалықтан оның жүрегі бөлшектеніп кетер еді. Сондықтан егер бұл фәни дүние сені қажытса, қамықпа, бәлкім, Алла дұға арқылы сенің дауысыңды естігісі келетін шығар. Ендеше, өз тілегіңді сәждеде жатып айт та ұмыт. Асылында, Алланың ұмытпайтынын біліп қой».
Ойға алған әр ісіңнің берекесі мен қайырын тілеп, қайырсыз істерден аулақ жүру – үлгілі мұсылмандықтың белгісі. Ата бабамыздың өсиеттерінде де көптеп кездеседі. Соның бірі Әсет Найманбайұлы былай деген екен:
Байдың малы – бір боран, батыр оқтық,
Мал мен басқа бола ма көңіл мастық.
Әр істі қайырымен Хақтан сұра,
Біреуге қылма жаман, назар аштық..
Біләл ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің азаншысы.