Әр жасаған амалың өзіңе қайтады

Жақсылық – адамды игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы. Әлемге мейірін шашып, қуаныш сыйлауға ұмтылдыратын, жылуына бөлейтін, қоғамды адамгершілікке үндейтін асыл қасиет.

Адам баласы дүниеге келгеннен кейін айналасынан тәлім-тәрбие алып, сана-сезімі қалыптасып, жақсылық пен жамандықтың мәнін түсіне бастайды. Бойындағы жамандықты, арам ойды жеңіп, біреуге жасаған жақсылықпен өзінің жүрегінің жылитынын сезген адам ғана, расында, өзгеден жақсылық көруден бұрын, біреуге жақсылық жасауға құмартып тұрады.

Жақсылық туралы әр қоғамның, мәдениеттің өзіндік көзқарасы болғанымен, жалпы айтқанда, сыпайы болу, мұқтаж адамдарға көмектесу, шыдамдылық және қамқорлық сияқты ұғымдар – бұл барлық жерде де жақсы болып саналады.

Дегенмен, Алла Тағала Құранда бізге дәлірек анықтама береді: «Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса, әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне, солар шыншылдар, әрі солар тақуалар» (Бақара сүресі, 177 аят).

Мейірімділердің ең Мейірімдісі Алла бір-біріне мейірімділік танытқан құлдарына есептеусіз береді және олардың бір-біріне қамқор болуларын тоқтатпайынша мейірімін жалғастыра береді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың ең мейірімдісі болған және ол бізге қоғамда өзін-өзі ұстаудың, адамдармен қарым-қатынас жасаудың айқын үлгісін қалдырды.

Ата-анаға жақсылық жасаумен қатар, туыстарға көмектесіп, туыстық байланысты сақтау ризықтың көбеюіне әсер ететінін Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисынан байқауға болады: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари).

Жақсылық жасаудың сыры игі істерден бас тартпайтын және әлсіздер мен мұқтаждарға қамқорлық жасайтын асыл адамдарға белгілі. Біреуінен оның қалай байып жатқандығы туралы сұрағанда, ол: «Мен Алламен жарыстым. Мен басқаларға бердім, ал Ол маған берді, соңында Ол жеңді», – деген.

Мұқтаж адамдарға беретін садақа, біреуге қызмет ету, тіпті жай ғана жылы сөз айту немесе біреуге күлімсіреу сияқты игі амалдар бізге пайда әкелмейтіндей көрінгенмен, оның, әлбетте, қайтарымы болады. Мүмкіндігі бар кезінде байлығымен көмектеспеген бай адам немесе өзімшілдікке салынып өзгеге қол ұшын созбаған адамның бұл өміріне қайта орала алмай және қателіктерін түзете алмай қатты өкінетінін мына аяттан көреміз: «Сендерден біреулеріңе өлім келіп: «Раббым! Мені жақын бір мерзімге дейін кешіктірсең де садақа беріп, ізгілерден болсам» деуден бұрын өздеріңе берген несібемізден тиісті орынға жұмсаңдар» (Мунафиқун сүресі,10 аят).

Расында, шынайы жақсы адамдарға Алла осы дүниеде де, ақыретте де мол сыйлық береді. Құранда Ол былай дейді: «(Мұхаммед ғ.с.): «Әй иман келтірген құлдарым! Раббыларыңнан қорқыңдар! Бұл дүниеде жақсылық істегендерге жақсылық бар. Алланың жері кең. Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады» деп айт» (Зумәр сүресі, 10 аят).

Осы аятқа сәйкес, Алладан қорқу, Оны еске алу, Қияметті ойлау, сондай-ақ басқалармен жақсы қарым-қатынас жасау игі амал болып саналады. Әбу Заррдың жеткізген хадисында (екеуіне де Алла разы болсын) Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай жағдайда болсаң да Алладан қорық және жамандықтың артынша оны жоятын бір жақсылық жаса. Адамдармен қарым-қатынаста жақсы мінез-құлық көрсет», – деген (Тирмизи).

Алла Тағала Құранда өзінің дініне сай жақсылық жасаушылар, Алладан қорқатындар үлкен жақсылыққа ие болатынын айтады: «Сондай Алладан қорыққандарға: “Раббыларың не түсірді?”,- делінсе, олар: “Игілік” дейді. Сондай-ақ жақсылық істегендерге бұл дүниеде жақсылық бар. Әрине ақырет жұрты тағы жақсы. Әлбетте, тақуалардың қонысы нендей жақсы!»(Нахл сүресі, 30 аят).

Бірақ иман келтірген ең алдымен ақыреттің пайдасына ұмтылады. Үлгі ретінде дін үшін өз мүліктерін, отбасыларын, туыстарын тастап кеткен алғашқы мұсылмандарды айтуға болады.  Алла Тағала оларға билік пен байлық сыйлады, және бұл олардың Аллаға деген шүкіршіліктерін арттыра түсті. Алла Тағала Құранда: «Кім бір жақсылық келтірсе, оған сондай он есе бар.

Және біреу бір жамандық істесе, сондай-ақ қана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшыратылмайды» (Ән’ам сүресі, 160 аят). Алланың жомарттығы мен мейірімінің бір айқын көрінісі Ол осы дүниедегі ізгі істер үшін игіліктері мәңгі болатын бақытты уәде етеді: «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ, не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннәттік. Олар онда мәңгі қалады» (Юнус сүресі, 26 аят).

Бірақ барлық ізгі амалдар тек Алланың разылығы үшін жасалса ғана қабыл болады. Алғыс күтіп немесе жасағанын міндетсінсе, басқаға ұнау үшін амал риямен атқарылса, Алланың разылығынан басқа өзге ниет етілсе, ол бос әурешілік болып саналады. Таза ниетпен жақсылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді.

Жақсылық – күллі игіліктің түп бастауы болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, жақсы ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдау –  жақсылықтың нышаны. Алланың разылығын іздеп, өзіміз үшін алдын ала қайыр істегеніміз Алланың қасында жақсы және ол үшін зор сыйлық бар екенін ескере отырып, жақсылық жасауда жарысайық!

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы.