Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Елді қорғау үшін міндетті түрде қуатты әскер қажет. Жауға қарсы тұру әрі оларға әскери күш әзірлеу – Ислам дінінің талабы әрі сауапты іс.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер…» («Әнфәл» сүресі, 60-аят). Бұл аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады.
Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы болғандықтан, әскерге бару – міндет. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! (Сынаққа) сабыр етіңдер, (дұшпанға) төзімді болыңдар, (қорғанысқа) бекем болыңдар және Алладан қорқыңдар, сонда мұратқа жетесіңдер!» («Әл Имран» сүресі, 200-аят) дейді.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы», – деген (Бұхари, №2892). Келесі хадисте «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз» деп айтқан (Тирмизи, №1639. Бәйһақи, «Шуғабу әл-иман», 796).
Ғалымдар «Ислам шариғаты әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауды міндеттейді. Кімде-кім бұл міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып саналады», – деген (Мысыр пәтуа комитетінің пәтуалар жинағы, 6/62).
Сондықтан, Отан алдындағы әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың міндеті, ал әскери борышты өтеуден үзірсіз (Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген себептерден тыс жағдайларда) бас тарту – күнә.
ҮКІМ:
- Отанды қорғау – әрбір азаматтың парызы.
2. Әскери борышты өтеу – міндет, ал одан бас тартуға тыйым салынады.