Ата-анаға құрметті қалай түсініп жүрміз?

Атам қазақ Алла Тағаланы Жаратушы Ием деп мойындап, мұсылмандық дүниетанымын тұрмыс-тіршілігіне арқау еткендіктен отбасы ұғымының қадір-қасиетіне ерекше мән берген.

Сондықтан кешегі қылышынан қан тамған дінсіздендіру, ұлтсыздандыру саясатының ызғары келмес бұрын қазақтың қара шаңырағында балаға мейірім, атаға қамқорлық, ағаға ізет, ініге ілтипаттың орны бөлек болған. Үлкенге құрметті парыз санап, ата-анасы өз алдына, бүкіл жасы үлкен буынның алдынан кесе-көлденең өтпеуді кісіліктің келбеті деп түсінетін. Ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, аса құнды заңдылықтарға бағынатындықтан ой-толғамы мен іс-әрекеті өзара үндесіп жататын. Халқымыз қашан да әкені шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны деп таныған. Әке – отбасының асыраушысы деген. Ұлы Жаратушы Иенің әміріне құлдық ұрған халқымыз әкенің отбасындағы басшылық рөлін құрметпен бағалап «еркек – бас, әйел – мойын» деген. Әкеге шаңырақтың төрінен орын берген. «Отағасы» деп сыйлап, әке үкімін «айтылған сөз – атылған оқпен» тең көріп, қарсы шықпаған. Ақ жаулықты аналар да отағасының мәртебесін үнемі асқақтата көтеріп отырған.

Қазақ даласының тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспеттес болған «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов аналардың даналығын былайша суреттейді:

Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен бала Абай өзін күтіп тұрған туыстарын көреді. Бойын сағыныш билеген ол аттан түскен бетте амандасу үшін анасына қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр, әкеңе

барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар топқа қарай адымдай жөнеледі. Осыдан келіп баланың көзінде әке асқар тауға айналатыны қақ емес пе.

Өкінішке қарай, елімізде жетпіс жыл туын желбіреткен атеистік қоғамның салдарынан бойымыздағы асыл қасиеттердің жігі біртіндеп сөгіліп, орнына өз басының қамынан аспайтын шалағай түсініктер бой көтере бастады. Әке мен шешенің арасын тек дүниелік мақсаттар байланыстырып, баланың тәрбиесі балабақша мен мектеп табалдырығынан ары аса алмай, кенжелеп қалды. Бойға берер жылуы жоқ қатал қоғамның тәрбиесімен мейірімге өгей өскен балалар әке-шешесіне тілазар, дауыс көтеріп, сөз қайтарудан қымсынбайтын, тіпті қол жұмсаудан тайынбайтын дәрежеге жетті. Ата- анасының жылы алақанын сезіне алмаған баланың көңілі жетім, қартайғанда баласынан мейірім-шапағат көре алмаған ата-ананың өзі жетім күйге түсті.

Ата-ананың қадірін білмеген қоғам ұрпағынан сый күтпесін. Елдіктің бастауы – бесік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп бекер айтылмаған. Ұрпағымыз бесіктен белі шықпай жатып тілазарлық етпесін десек ата-анамызға деген сый-құрметімізді ой елегінен өткізгеніміз абзал. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисінде:

«Сендер әкелеріңе (ата-аналарыңа) жақсылық жасаңдар, балаларың да сен-

дерге жақсылық жасасын», – деп ғұмырлық өсиет еткен жоқпа. Сол үшінде ұрпақтан жақсылық қаласаңыз, ата – ананаңызға жақсылық жасаңыз Алла тағала ұрпағыңыздан сондай сізге жақсылық жасайтын ізі ұрпақ шығарады.

Ерлан САҒЫНОВ,

Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітінің наиб имамы.