Атырауда Бақтыгерей молла мешітінің ұйымдастыруымен «Ас беру әдебі» талқыланған жиын өтті.
Атырау селолық округінің ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында Бақтыгерей молла мешітінің имамы Асылбек Ғұмаров садақа, жаназа кезіндегі ас беру әдебінің маңызы туралы насихат айтты.
«Қазақта «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Адамынан көз жазып аңырап қалған шаңырақ өксігін баса алмай отырса да амалсыздан өлім хабарын естіп топтанып кеп бас сүйеген адамдарды күту қамына кіріседі. Келімді-кетімді кісіге арнайы дастархан жайылып, ас-аухат дайындала бастайды. Көңіл айта келгендерге міндетті түрде дастарханнан дәм тату ұсынылады.
Марқұмның үш және жеті күндік қадесін өткізу артында қалған ағайын-туысқа тіптен қиындай түседі. Бұл қаделерді жаңағы жиналмалы палаткаларда өткізу қолайлы болғанмен, көпшіліктің сөзі мен көзінен қашқан ағайындары жұрттан қалмай тойхана немесе мейрамханада өткізеді. Бұл да бүгінгі таңда қалыпты жағдайға ұласқан. Тағы да, тойға лайықтап жайылған дастарханнан еш кем емес ас мәзірі беріледі. Қалған 40 күндік, 100 күндік, бір жылдық қаделерінде де осы жағдай, осы көрініс қайталанады.
Дүниеден өткен адамның артында қалғандары мейрамхана жалдап бір шашылса, дастархан мәзірін жайнатып қоямын деп тағы шығындалады. Тіпті, кейде қадені өткізу үшін банктен несие алған отбасыларды да естіп жүрміз. Неге той дастарханы мен қадеге жайылған дастарханның арасында айырма сақталмайды? Мүфтият осы бағытта жаназа және жерлеу рәсімдері, садақадағы дастархан мәзіріне қатысты пәтуа да шығарды. Алайда, қалың көпшілікті қаралы дастарханды қарапайым үлгіде жаюға көндіруге келгенде әттеген-ай дейтін тұстарымыз көп. Бұл мәселені түсіндіру жұмыстарына имамдар ғана емес, ауыл ақсақалдары, абыз қарттарымыздың көмегі керек» деді Бақтыгерей молла мешітінің имамы Асылбек Ғұмаров.