Ұстаз Арман Қуанышбаев атыраулық әйел жамағатымен кездесті

Атырау облысына жұмыс сапары аясында белгілі ұстаз, республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Арман Қуанышбаев атыраулық әйел жамағатымен кездесті.

350-ге жуық қатысушы жиналған кездесу барысында ұстаз Арман Қуанышбаев «Ананың қоғамдағы орны» тақырыбында насихат айтып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

«Әйел адам үшін білім алудың маңызы, бала тәрбиесінде мән беруіміз керек мәселелер, әйел адамның бет бүркеуіне шариғаттың үкімі» мәселелеріне байланысты қойылған сауалдарға жауап берген ұстаз Арман Қуанышбаев әйел адамдарды рухани қуатты болуға шақырды.

«Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген керемет сөз бар. Әйелдің рөлі қандай болмасын, үйде немесе үйден тыс жерде  жұмыс істейтін әйел ретінде оған тиісті білім қажет. Білімге ұмтылу – бұл әрбір мұсылманның, мейлі ол ер адам  немесе әйел адам болсын  міндеті. Ислам негізінде әйел адамның білім алуға  құқығы жоқ деген ереже жоқ, керісінше әйелдер де ерлер сияқты оқуы тиіс және ғылым иесі болуы керек.

Мұхаммед  (с.ғ.с.) пайғамбардан жеткен бір хадисте «Барлық мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер білім алуға міндетті» (Аль-Бухари) дейді. Және тағы бір хадисте де «Білімге ұмтылу – әрбір мұсылманның міндеті» (Ибн Маджа) – деп, бұйырылған. Исламда ілім үйрену – қоғам дамуының негізі.  Білімді игеру адам баласын ізгі жолдарға бағыттайды» деп атап өтті ұстаз Арман Қуанышбаев.