Атырауда ас беру мәдениеті тақырыбында облыстық семинар өтті

«Ислам және дәстүр құндылығы жылы» аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырауда жаназа, марқұның қаделерін атқару кезіндегі ас беру мәдениеті тақырыбында семинар өтті.

Семинарда Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қоғамда өзекті болып отырған құдайы ас, садақа сынды орындарда аста төк ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында арнайы үндеу жарияланғанын атап өтті.

«Қазақта өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Өте ашщы да болса шындық. Басқадан кем қалмайын деп қарызға батып, садақаның өзінде ысырапшылдыққа жол беріп жататын жәйттерді кездестіреміз. Бұл өте өкінішті. Сондықтан, зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдардың басын қосып, жаназа дастарханында қарапайым ас беру әдебін қалыптастыруға шақырып отырмыз»,- деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы садақаға барып сарқыт сұрайтындарға қатысты пікірін білдірді. Ал, қалалық әкімдік өкілдері кәсіпкерлерге үндеу жасап, садақадағы ас мәзірін бірізділікке түсіру қажеттігін көтерді.

Жиында қабылданған үндеуге байланысты зиялы қауым өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, үндеудің БАҚ беттеріне жарияланатынын айтып өтті.

Еске сала кетелік, семинар мүфтияттың Атырау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық ақсақалдар кеңесі, облыстық дін істері басқармасы, қалалық әкімдіктің қолдауымен өтті.