Балғабек Мырзаев, танымал дінтанушы: «Еуропаға өркениетті апарған ислам ғалымдары»

Танымал дінтанушы Балғабек Мырзаев ислам өркениеті туралы айтып берді.

  • Ислам өркениетін қайтаруға тиіспіз деген сөзді жиі айтасыз. Осы сөзіңіздің мағынасын тереңірек ашып берсеңіз.
  • Тарихтан белгілі, Орта Азия әлеміне ислам келгеннен кейін, бұл кеңістікте зор өзгерістер орын алды. Ғалымдар мұны «Орта Азиядағы қайта өрлеу кезеңі» деп те атап жүр. Осы кезеңде Әл-Фараби, Ибн Сина, Хорезми, Әл Джабри сынды мыңдаған ғалымдар физика, математика, география, астрономия салаларында үлкен жаңалықтар ашып, исламның білімнің, ғылымның діні екендігін дәлелдеді.

Таңқаларлығы, 16-ғасырға дейін Орта Азия ғалымдарының география, математика саласындағы еңбектерін Еуропа оқытып келген. Осындай үлкен өркениет жолы уақыт өте келе үзіліп кетті.

  • Нәтижесі қалай болды?
    Діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы байланыс жоғалып, дүмшелік пайда болды.
    Сөйтіп, ислам дінін әруақтарға құран бағыштау, жаназа шығару, ас беру сияқты тұрмыстық шеңбердегі ритуалдармен ғана шектеп қойдық. Нәтижесінде, ислам елдерінің дені экономикалық жағынан әлсіз, сауатсыз мемлекеттердің қатарын толықтырды.

Зияткер имам мәселесі де жиі көтеріле бастады. Бұл туралы не айтасыз?

  • Имам – халық арасында жүретін үлкен тұлға. Имамның уақыты мешітте намаз оқумен шектелмейді, ол садақа, жиын-тойларда халықтың арасында жүреді, сөз сөйлейді. Сондықтан, имамның деңгейі барлық жерде жоғары тұруы керек. Мүфтият «біз заманауи имамдар дайындауға көштік» деп мәлімдеген еді. Демек, бұл – имамдардың халық алдындағы жауапкершілігін сезінгеннен пайда болған бастама.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА