Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы аталған ауданның әкімі Ринат Джанглишовпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар аудандағы діни ахуал, мешіттердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, құлшылық үйлерінің діни мамандармен қамтылу жайын талқылады.
Тараптар тарихи орын – Сарайшық жеріне сәулетті мешіт орнату мәселесін де талқылады. «Сарайшық – руханияттың ордасы. Әлемге аты танылған тарихи шаһар. Туристер арнайы келіп, тәу ететін жерде жеті хан жерленген. Ондай аймақта сәулетті мешіттің бой көтергені дұрыс» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Махамбет ауданының әкімі Ринат Джанглишов бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Сондай ақ, Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет аудандық орталық мешітіне барып, ондағы ахуалмен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат тыңдап, тиісті міндеттер жүктеді.
Және мұнда Әзірет Сұлтан мешітінен арнайы сыйға тартылған кілемнің төселгенін атап өткеніміз жөн.
Сапар аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Таңдай ауылында салынып жатқан мешіт құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Қос қабатты мешітпен бірге, мұнда имам үйі, асхана да салынуда.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.