amin.kz/ 25 мамыр, 2020 жыл. Қасиетті Ораза айт құрметіне Атырау облысының орталық «Иманғали» мешіті көп балалы отбасына баспана тапсырды.
Сегіз баланың анасына баспана кілтін Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өз қолымен табыс етті.
«Халқымыздан жиналған қаражат негізінде сіздерге баспана бақыты бұйырып отыр. Мұқтаж бауырларымызды қолдау бағытындағы шараларымыз жалғасын табатын болады. Бұл игі бастама мүфтияттың «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Бақытгүл Тагарова Жылыой ауданының тумасы. Сегіз баланы тәрбиелеп отырған ана ұзақ жылдардан бері баспана тауқыметін тартқанын айтады. «Үйлі болатыныма соңына дейін сене алмап едім. Менің қуанышым барша мұқтажға бұйырсын» дейді ол.
Еске сала кетелік, “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында Атырау орталық мешіті жанынан “Шаңырақ” қайырымдылық қоры құрылды. Аталмыш қордың басты міндеті – мұқтаж отбасыларды басыбайлы баспанамен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні жақында ғана жұмысын бастаған қор арқылы бес баспана тапсырылып отыр. Оның ішінде, әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасылар қамтылуда.
Аталмыш жоба аясында күні кеше Атырауда 4 отбасына пәтер кілті тапсырылған еді.
Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.