Білім ізденудің маңыздылығы

Білім ізденудің сан қырлы сауаптары бар. Олар:

Біріншіден, білім алушы Алла жолында болып саналады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім іздену үшін жолға шығатын болса, ол кері қайтқанға дейін Алла жолында болып табылады», – деп айтқан (имам Тирмизи). Міне, Алла жолында жүрудің бірден-бір жолы – білім алуда. Сол үшін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Білімді Қытайда болса да талап етіңдер», – деген.

Екіншіден, білім алушыларға жәрдемдесу сарқылмас сауап.

Білім жолына шыққан шәкіртке жәрдемдесу, оның жолының ақысы мен оқуының ақысын төлеу, киімі, жейтін тамағы, жатақхана мәселесіне жәрдемдесу, қажетті кітаптарын сатып алу сынды т.б. істер арқылы көмек беру сауабы үзілмейтін садақаға жатады. Яғни білім алып жатқан адамға жәрдемдескен кісі білім үйренуші адамның сауабына тең келетін сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім бір жақсылыққа нұсқайтын болса, тура сол жақсылықты жасаушы адамның сауабындай сауапқа кенеледі», – деп айтқан.

Бұрынғы өткен ізгі ғалымдар білім ізденушілерге жәрдемдесуді аса маңызды істер қатарынан деп білген. Мысалы,Ханафимәзһабының атақты ғалымы Ибн Абидин өзінің атақты «Радду әл-мухтар» атты еңбегінде:

«Бәйтул-малға (қазына) түскен қаражаттың бір бөлігі өздерін шариғи білім жолына арнаған ғұламалар мен білім талап етушілердің қажетін өтеуге жұмсалуы тиіс», – деп айтқан.

Имам ӘбуХанифа (Алла оны рақымына алсын) шәкірттер тәрбиелеп, білім берумен қатар оларға материалдық тұрғыдан да жәрдемдесетін болған. Мысалы, кедей отбасынан шыққан Әбу Юсуф (Алла оны рақымына алсын) бос уақытында киім жуып, оларды тазартумен қаражат табатын.Әбу Юсуф: «Мен хадистер мен фиқһ ғылымын меңгеруге тырыстым. Бір жолы ӘбуХанифаның жанында отырғанымда анам келіп: «Имам ӘбуХанифаның қасында көп болуға тырыспа.

Оның жағдайы жақсы, ал сен бізді асырауға міндеттісің», – деп, мені дәрістен алып кетті. Осылайша ғылым іздену жолымды тоқтатуға мәжбүр болдым. Ал Имам ӘбуХанифа (Алла оны рақымына алсын) менің ғылымға келуімді өтінді. Мен қайтып келдім. Менің бірінші келген күнімде ол менен: «Сені бізден не алыстатты?» – деп сұрады. Мен: «Отбасыма көмектесу, анамның сөзін екі етпеу», – деп орныма барып отырдым. Дәрістен кейін барлық бала тарап кеткенде ол маған қолын созып: «Әзірге осыны қажетіңе жарат», – деп,  кішкене қапшық ұстатты. Мен қапшыққа қарағанымда онда 100 дирхам болды. Ол маған қарап: «Қапшықтағы таусылса, маған айтып отыр», – деді. Мен күн жібермей дәріске баратын болдым. Біраз уақыттан соң ол маған тағы 100 дирхам берді. Осылайша ол менің кедейлікті жеңіп, бай болғаныма дейін көмектесіп тұрды».

Хакімдерден қалған мынадай сөз бар: «Білім алушы бол, не білім беруші бол, ең болмағанда оларға жәрдемдесуші бол».

Білім жолындағыларға жәрдемдесу адамның ризығының молаюына себепші болады. Әнас ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) былай дейді:

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір сүрген уақытында Мәдинада екі ағайынды жігіт тұратын, солардың біреуі әрдайым Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп тұратын, ал екіншісі өзінің кәсібімен нан табатын. Бірде кәсібімен нан табушы кісі Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  келіп, өзі ғана жұмыс істейтіндігі жайлы айтып шағымданады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын оған: «Бәлкім, сенің ризығың сол бауырың үшін беріліп жатқан болар»,– деді (имам Тирмизи).

Ибн Мубарак (Алла оны рақымына алсын): «Мен Пайғамбарлық мәртебеден кейінгі білімді жаю мен білім ізденушілерге көмек беру, олардың күнкөріс қамын уайымдамай, еш алаңдаусыз білімдеріне ден қоюларына жәрдемдесуден абзал мәртебені білмеймін», – деп айтқан.

Үшіншіден, білім ізденушіге ең қажет құндылықтардың бірі – уақыт.

Шәкірт уақытын өзінің күнкөрісі үшін жұмсап, еңбек ететін болса, білім алуға арналған алтын уақыттарынан қағылады. Сол үшінбілім ізденуші шәкірт өз уақытын толық білім алу жолына арнауы қажет. Мұндай жағдайда білім жолындағыларғажәрдемдесіп, қол үшін берген жөн.

Мысалы, атақты ғалым Имам Нәуәуи Шамда білім алып жүргенінде, ол алаңдамай білім алуы үшін әкесі әр айда қажетті қаражатын жіберіп тұратын болған. Имам Нәуәидің өзі Имам Шафиғидің бір кісіге: «Егер сен жуа сатып алумен шұғылданып жүрсең, бұл мәселенің анық-қанығын білмейтін едің», – дегенін айтқан.

Қасиетті Құранда Жаратушы Алла зекет берілетін адамдардың сегіз түрін былай деп білдіреді:

«Расында, садақалар тек пақырларға, міскіндерге, оны жинап үлестірушілерге, жүректері келісімге келгендерге, құлдарға, қарызға батқандарға, Алла жолындағыларға және жолда қалғандарға ғана беріледі. Бұл – Алланың парыз еткен үкімі. Сондай-ақ Алла бәрін білуші және өте дана» («Тәубе» сүресі, 60-аят).

Осы аталған сегіз адамның ішінде «Алла жолындағыларға» деген аятқа ғалымдар білім ізденушілерді де жатқызған. Кей ғалымдар өзін білім жолына арнаған адам еңбек етіп, нәпақа табуға мүмкіндігі болмайтындығын ескеріп, білім ізденуші кедей болмаса да, зекет алуына рұқсат екендігін айтқан.

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласын сауатты ететін Алла Тағаланың берген үлкен сыйы. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты да білім алудан басталған. Өйткені білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Сондықтан ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы да білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма, ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20 рет, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық қолданылады.

Қорыта айтқанда ілім алу екі дүниеде де бақытқа жетелейін жол. Оның ең басты шарты шынайы ықлас пен ізгі ниетте болу. Өйткені ілім – бітпес қазына.

Алла Тағала баршамызды білім үйренуші әрі оларға жәрдемдесуші құлдары қатарынан еткей!

Олжас Скаков,

«Иманғали» орталық мешіті жанындағы «Құран жаттау және діни сауат ашу» орталығынын ұстазы