Құранда аты ең көп аталған пайғамбар кім?

          Алла Тағаланың ұлы құдыреті мен шексіз билігіне лайықты түрде мақтаулар болғай! Оның сүйікті де ардақты елшісі Мұхаммедке сәлемі мен салауаттары болғай!

          Мұсылман жұртшылығы үшін аса қадірлі болған ұлы кітап – Құран болып табыларына ешкімнің дауы болмас. Осы кітапта мұсылман және жалпы адамзаттың екі дүниесіне қажетті дүниелердің барлығы қамтылды.

          Негізгі мәселе бойынша, Құран кітабында аты ең көп айтылған пайғамбарға тоқтала кетейік. Әрине осы кезекте көпшілік қауымның ойына келетін пайғамбар біреу және ол Мұхаммед ﷺ болуы әбден мүмкін. Өйткені бұл кітап Алла Тағала тарапынан Жебрейіл періште арқылы пайғамбарымызға ﷺ түскен еді ғой. Ой да, оған себеп-салдар болатын дүние де өте орынды болғаны мен бұл қате болады. Құранда аты ең көп айтылған пайғамбар ол – Мұса пайғамбар еді. Осы кезекте мынадай бір орынды сұрақтың туары анық – Құран кітап Мұхаммедке ﷺ түскен болса және пайғамбарлардың ішінде ең ұлысы да ардақтысы да Мұхаммед ﷺ болатын болса, онда неге оның аты емес басқа пайғамбардың аты көп аталған?! Бұған байланысты ғалымдардың әртүрлі көзқарастары бар. Ең бірінші көзқарастардың бірі – Алла Тағала өзі қатты жақсы көретін әрі құрметтейтін кісілерін атпен емес, керісінше балама есім-сипаттармен атаған еді. Құранның көп жерінде Алла Тағала барлық пайғамбарлардың аттарын атап тұрып, оларға қаратпа сөздермен үндеу жасаған еді. Бірақ та пайғамбарымызды ﷺ құрметтегені сонша, оны атпен атап, оған қаратпа сөзбен «ей Мұхаммед» деп, бірде-бір жерде айтқан емес. Бұл да бір шынайы сүйіспеншіліктің белгісі болса керек. Айтпақшы шариғаттың бұл шәлісі қазақ қоғамындағы, дәстүрінде де көрініс тапқан. Атап айтқанда – келіннің ата-енесін, қайын -аға, -іні, -сіңлілерін тікелей атпен емес, керісінше балама атаулармен атаудың себебі де, оларды қатты құрметтегендіктің белгісі екен және бұл дәстүр шариғаттан бастау алған екен. Міне осы себептен де болса керек Алла Тағала ең сүйікті пайғамбарын атпен атамай, оны балама атаулармен атап, басқа пайғамбарларын тікелей атпен атап шақырған екен.

          Мұса пайғамбардың аты құранда неге соншама көп аталған?! Атақты тәпсірші ғалым Собунидің «Таңдаулы тәпсірлер» кітабында «Ықылас» сүресіне жасаған тәпсірінде былай деген: Құран Кәрім өз ішіне негізінен мына үш тақырыпты қамтыған – Сенім мәселесі, Шариғат мәселелері, Пайғамбарлар қиссалары. Демек Құран Кәрім өз ішіне осы үш мәселені қамтыған болса, онда әрине оның ішінде қиссалардың өте көп кездесуі анық. Солардың ішінде ең қызықтысы да, шытырманға бай болған қиссалардың бірі – бұл Мұсаның оқиғасы еді. Шынында да Алла Тағала Құранда мұсылмандар үшін бұрынғы қауымдардың өмірінен өте көптеген ғибратты оқиғалар келтірген. Солардың ішінде яһуди қауымының басынан кешкен оқиғаларына қарап, содан ғибрат алуға бізді шақырған. Ал яһуди қауымының оқиғалары тікелей Мұса пайғамбармен байланысты еді. Құран Кәрімде Мұсаның өмір баяны түгел дерлік қамтылған. Яғни оның туылған кезі, балалық шағы, жасөспірімдік кезі, үйленуі, отбасы болуы т.б қамтылған.

Ал басқа пайғамбарлар туралы мұншама көп мәлімет келмеген. Демек біз үшін Мұса пайғамбардың өмірінде де көптеген ғибратты оқиғалар бары анық. Ақида білімі бойынша да Алла Тағаланың құзырында дәрежесі жоғары пайғамбарлар болып, солардың қатарында Мұса пайғамбар да бар. Исра және Миғраж оқиғасы орын алған кезде де пайғамбарымыз ﷺ бен Мұса пайғамбар тілдесіп, оған көптеген өсиеттер айтқан екен. Бірақ та соған қарамай Құранда келген сүрелердің бірде-бірі Мұса пайғамбардың атымен аталмаған. Алла Тағала Ибраһим, Һуд, Юнус, Юсуф, Нұх, Мұхаммед пайғамбарлардың ﷺ атымен аталған сүрелерді келтірсе де Мұсаның атымен атлған сүре Құранда жоқ екен. Әрине мұның хикметі жалғыз болған дана Алла Тағалаға мәлім.

          Алла Тағала баршамызды Құранға, шариғатқа деген махаббатымызды оятып, білімімізді арттырғай!

Санат Бөлекбайұлы