Өзін-өзі есепке алу араб тілінде «әл-мухасаба» деп айтылады. Тілдік тұрғыда –тексеру, есептеу, өзінің айыптары мен кемшіліктерін санау деген мағыналарды да білдіреді.
Расында, дүниеге шынайы көзбен қараған адам оның нығметі – сынақ, тіршілігі – қиындық, өмір сүруі – машақат, жаңасы – ескіретін, мүлкі – таусылатын екенін, барлық нәрсенің Иесіне қайтатындығын түсінеді. Өмір – қысқа, сапар – алыс, дайындық – аз, қатер – үлкен.
Ислам ғалымдары адамның өзін-өзі есепке алуы дегенге қатысты: «Өзін-өзі есепке алу дегеніміз-адамның әр күні кеште өзінің күндізгі жасаған істерін саралап, ол істерінің жақсы деп танылғаны болса келешекте жалғастырып, одан әрі кемелдендіруі. Егер күнәлі іс істеген болса, ондан шамасы келгенше алшақтап, болашақта ол ісіне қайта оралмауы»-деп анықтама берген.
Ей, мұсылман бауырым! Бірер күн жалғыз қалып, айтқан сөздерін, істеген амалдарың жөнінде өзіңді есеп еттің бе? Жақсылықтарыңды санап, есептегеніңдей, күнәларыңды санауға әрекет еттің бе?
Мақтаныш етіп жатқан ғибадаттарыңды бірер рет тексеріп көрдің бе? Егер, тексеріп көрсең, олардың көпшілігінің адамдардың көріп, біліп, естіп қоюлары үшін жасалғанын білесің. Сонда сен бұл ахуалға қалай шыдап тұра аласың? Жолың қиындық, қатерге толып тұр ғой?!… Күнәмізді арқалап алдына бару қандай қиын екенін елестете алмаймыз-ау.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп ескертеді: «Ей, мүміндер, Алладан қорқыңдар! Әркім ертеңі үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Сөзсіз, Алла не істегендеріңді толық біледі»-деген, («Хашр» сүресі, 18-аят). Бұл аятта Алла Тағала: Әркім Қияметке арнап қандай амал істегеніне қарасын, Ол амалдар оның құтқарылуына себепші болатын ізгі амалдардан ба, әлде оның құрдымға кетуіне себеп болатын күнәлі істерден бе, деп ескерткен.
Өзінен есеп алатындарды «есті адамдар» деп санаған Абай атамыз, бұл туралы: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі, өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?», -деп ой тастайды (Он бесінші қара сөзінде).
Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Есеп болудан бұрын өздеріңізді есепке алыңыздар. Өлшенбей тұрып өздеріңізді өлшеп алыңыздар (Басқа риуаятта: амалдарыңыз өлшенбей тұрып, өлшеп алыңыздар). Өйткені, өздеріңізді бүгін есептеулеріңіз ертеңгі есептен жеңіл. Әрі үлкен ұсынылуға әсемденіңіздер. Алла тағала құранда былай деп ескертеді: «Сол күні ұсыныласыңдар. Еш нәрселерің жасырылмайды», («Хаққа» сүресі, 18-аят)- деген.
Сондықтан, саған бүгін тоқтап, өзіңді есеп ету қажет. Дүниеге қызығып, іздеушінің мысалы теңіз суын ішіп жатқан кісідей. Одан ішкен сайын шөлі қанбайды. Керісінше, күшейеді де, ол оны өлтіреді. Дүниенің соңына түсіп, іздеуші егер дүниенің соңғы жай-күйі туралы зерделесе, міндетті түрде қанағат еткен болар еді. Егер дүние жинаушы оның жай-күйін жете түсіне білсе, міндетті түрде қояр еді. Өйткені, ол жастықтан кәрілікке, саулықтан науқастыққа, барлықтан жоқтыққа бара жатыр.
Меймун ибн Меһран: «Ей, қариялар, егін піскен соң не күтіледі?» деді.
Олар: «Жиналуы» деп жауап бергеннен кейін, ол жастарға қарата айтты: «Егінге кейде жинап алудан бұрын бір апат келіп қалуы мүмкін. Сондықтан, жастардың тәубені кешіктірулері жаман. Ал қарттардың кешіктіруі одан да жаман. Деніңнің сау кезінде науқасқа ұшырар кезің үшін, тірі кезіңде ажалың үшін, бос кезіңде шұғылданып, босай алмай қалатын кезің үшін амал ет. Сондай-ақ, дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол.
Таңды атырсаң, кешті күтпе, егер кешке кірсең, таңды күтпе». Әрі нәпсіңе: «Ей, сорлы нәпсі, қараңғы түндерде тырысып, маған жәрдем бер. Мүмкін, сонда сен Қиямет күні жақсы сыйлықпен құтылып қаларсың»- де.
Хасан әл-Басри (оған Алла разы болсын) айтқан: «Мүмін өз нәпсісіне басшы. Ол өзін Алла үшін есеп етеді. Негізінде, бұл дүниеде есеп еткендердің Қиямет күніндегі есептері жеңіл болады. Ал өздерін бұл дүниеде есеп етпегендердің Қиямет күні есептері ауыр болады… Мүмін – бұл дүниеде өзін азат етуге әрекеттеніп жатқан тұтқын. Ол Аллаға жолықпайынша тынышталмайды. Ол өзінің құлағы, көзі, тілі және басқа да мүшелері жөнінде жауап беретінін біледі» -деген сөздерде қандай тамаша ғибрат бар!
Өзін есепке алуды әдетке айналдыруға себепші факторлар
Адам өткінші өмірде өзін қаншалықты есепке алса, Қияметтегі есебі соншалықты жеңіл болатындығын әрдайым есте ұстау;
Өзін есепке алмау Қияметте үлкен өкінішке әкелетіндігін есте ұстау;
Өзін жиі есепке алған ізгі адамдар жайында көп оқу;
Білім алу, уағыз-насихаттар тыңдау;
Күнәлі істерге қатысты өз-өзін ақтамау;
Өзі жайында тым жақсы ойға салынудан сақ болу;
Мүшелердің әрекетін – тілдің сөйлегенін, аяқтың жүргенін, көздің қарағанын, құлақтың естігенін есеп етіп: «Бұны не үшін жасадың? Бұнымен нені қаладың? Кім үшін қылдың?» деп сұрақтар қойып, тергеу.
Егер адам әрдайым өзін есепке алушылардан болса, Алла Тағала оның бойында тақуалықты тұрақты етеді. Қашан адам өзін есеп алуын тоқтатса, тақуалығы да жоғалады. Алла тағала күллі мұсылмандарды өздерін дұрыс есепке тартушылардан және нәтижесін көрушілерден етсін деп дұға жасаймыз!
Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
«Мақат аудандық» мешітінің Бас имамы.