Ихсан ілімі

Аса мейірімді ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ бір Аллаға, оның сүйікті құлы әрі елшісі Мұхаммедке Алланың сәлемі болсын!

Ислам шариғатындағы «Ихсан» тақырыбына жеке тоқталатын болсақ, бұл тақырып өз ішіне өте көп тақырыптарды қамтығандықтан, әрине оны бір сөзбен жеткізу қиынға соғары анық. Сондықтан, «Ихсан» іліміне қатысты қысқаша анықтама бере кетейік: Ихсан сөзінің тілдік мағынасы – жарылқаушылық, жақсылық жасау, шүкіршілік ету, мадақ т.б1. Ал шариғатта қолданыстағы мағынасы – құлшылықтың ең жоғарғы дәрежесіне жету.

Яғни Алланың көріп тұрғандай құлшылық жасау. Бұған байланысты Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) айтқан мына хадисі дәлел болады: Омар ибн Хаттобтан жеткен хадистің барысында былай делінген – Пайғамбардың қасына таныс емес, қара шашты, ақ киімді бір кісі келіп, исламның негізгі шарттары туралы сұрап, иман, ислам және ихсан туралы сұраған кезде, Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) оған: Сен Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасауың, тіпті сен оны көрмесең де Алла сені көріп тұр, – деп жауап берген еді2.

Бұл хадистің шархын имам Науауи былай деп түсіндіреді: Бұл хадис жету жағынан өте мықты хадис болып, мутауатир дәрежесіндегі хадис. Хадистегі тек ихсанға қатысты мәліметтерге тоқталсақ, Ихсан деген – ықыластылық пен кемелдік. Яғни Аллаға деген ғибадат барысында барлық ықылас-жігермен және сол ғибадатты кемел дәрежеде орындау. Алла сені көріп тұрғандай құлшылық жасау, тіпті сен оны көруге шамаң жетпесе де, Алла сені көріп тұрғанын, сендегі үлкенді-кішілі барлық дүниені білуші екенін сезіну.

Басында айтып өткендей «ихсан» сөзінің өзі көптеген мағыналарды беріп, оның қолданыс аясы да өте кең. Бұл сөз тек ғибадат бабында ғана емес басқа да көптеген салаларда қолданылады. Яғни ғибадаттағы ихсанның мағынасын айтып өттік, ал оның басқа да тақырыптардағы қызметі былай болмақ: «ихсан» сөзі арабша  إِحْسَانٌ– жақсылық жасау, – деген мағынаға сайып, адамдарға жақсылық, қайырымдылық жасауға шақыру.

Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде жақсылық жасау мен жақсылық жасаушылар туралы айтқан. Сол аяттардың бірінде былай делінген: «Шүбәсіз, Алланың рақымы (игілікті істер атқаруға келгенде ішкен асын жерге қоятын) ізгі жандарға өте жақын»3(Ағраф 56). Бұл аяттың тәпсірінде: ізгі жандар, жақсылық жасаушылар деген сөзге, қайырымдылық деп жауап берілген Пайғамбардан (Алланың оған сәлемі болсын) қайырымдылық жасаушы кім деген кезде, ол – Алланы көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, тіпті сен олай жасауға шамаң келмесе, ол сені көріп тұрғанын сезіну, – деп жауап берді4.

Басқа бір аяттарда былай деп айтылған: «Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында ұстап игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады»5. Бұл аятта да Алла Тағала алдымен әділдікке сосын ихсанға бұйырып жатыр.

Ихсан деген – Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасау, – деп айтатын болсақ, Алла Тағаланың мына сөзін қалай түсінеміз? – «Көздердің Оны көруге шамасы жетпейді, бірақ Ол барлық көздерді көріп, шексіз ілімімен олардың барлық жай-күйін біліп тұрады»6. Яғни бұл аяттың тәпсірін Ибн Аббас былай деп түсіндірген: Алланы мына дүниеде көру мүмкін емес, мұсылмандар Оны ақыретте көретін болады7.

Аяттың сыртқы мағынасына қараған адам, бұл аят пен ихсанға қатысты хадистің бір-біріне қайшы екен деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ та кез-келген аятты оның тәпсірі арқылы, ал хадисті оның шархы арқылы түсінбесе, онда аят-хадистердің сыртқы мағынасынан толыққанды жауап ала алмауымыз мүмкін. Сондықтан да, кез-келген аят пен хадистің түсіндірмесін келтіріп жатырмыз. Әнғам сүресіндегі бұл аят адам баласының бұл өмірде қанша тырысса да Алланың көре алмайтынын айтып жатыр.

Өйткені адамның көру қабілеті мен көру деген сезімі шектеулі. Оның белгілі бір шектеулі заттарды ғана көруге шамасы жетеді. Енді ихсан туралы хадиске қайта оралатын болсақ, аят бойынша Алланы осы өмірде көре алмайтын болсақ, біз қалайша Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасай аламыз? – деп айтуымызға болады. Яғни біз Алланы мүлдем көре алмайды екенбіз деп, құлшылықтан мүлдем тосылып қалмай, керісінше, Алланы жүрек көзімен көріп, оны жүрек арқылы ғана сезінеді екенбіз.

Ихсан сөзінің тағы бір мағынасы – ықылас, – деп айтқан болатынбыз. Біз әрбір құлшылығымызда ықыластылық танытып, шынайы ниетпен құлшылыққа бет бұрған кезде ғана, Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) айтқан ихсан дәрежесіне жете алады екенбіз. Бұған байланысты Алла Тағала Құранда былай дейді: «وادعوه مخلصين له الدين», «Әрбір құлшылық орнында һәм құлшылық уақытында жүздеріңді (Аллаға) қаратыңдар һәм құлшылықта Оның разылығынан өзге еш нәрсе көздеместен Оған шын жүректен жалбарыныңдар» 8.

Бұл аятта Алла Тағала өз дінінде ықыластылық танытып, әрбір құлшылық барысында ықыласпен амал етуге бұйырып жатар. Яғни ихсан сөзі өз ішіне қандай мағынаны қамтыса, сол мағыналардың барлығына дерлік сәйкес келетін мағынадағы аяттар Құранда келтірілген.

Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі болсын) ихсанға байланысты тек қана ихсаннның нақ өзін ғана сипаттайтын емес керісінше, оның басқа да мағынада келетін түрлерін айтып өткен. Солардың бірі: Алла Тағала сендер бір істі кемел дәрежеде орындасаңдар жақсы көреді9. Бұл хадис арқылы да Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) өз үмметін ихсанға үндеп жатқанын білеміз.

Яғни әрбір істе ықылас, кемелдік, шынайылық, риядан аулақ болуы секілді таза ниеттердің себебімен біздің жасаған құлшылықтарымыз Алланың құзырында кіршіксіз болып есептеліп, сол арқылы біз Алланың мейіріміне бөленіп жатсақ, міне осы нағыз үлкен мақсатымыз болмақ.

Ихсан сөзі өз ішіне көптеген мағыналарды қамтитынын білгеннен кейін, оны бір сөзбен жеткізе алмайтынымызы және оған қысқа-нұсқа анықтама бере алмайтынымыз белгілі болды.

Сондықтан да, ихсанға қатысты кейбір мәселелерді ғана айтып өтіп, қалған тақырыптарына байланысты жеке дара тоқталған дұрыс деп ойлаймыз. Өйткені оның әрбір тақырыбына байланысты жек кітап жазуға болатын мәліметтерді кездестіруге болады.

Алла Тағала барлық мұсылман жұртшылығына өз құлшылық-ғибадатын шынайы ықылас пен риясыз орындауын нәсіп еткей!

Ахад ҚҰРАЛОВ, Атырау селолық мешітінің ұстазы