Имам Матуридиге ғалымдардың берген бағалары

Имам Матуридидің толық аты-жөні Әбу Мансур Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Матуриди ас-Самарқанди әл-Ансари. Ол өзі туылған ауылы Матуридке телініп, «әл-Матуриди» деп аталған. Матурид – Өзбекстан мемлекетіндегі Самарқанд маңындағы қалашық. Матуридидің өз аты − Мухаммад, лақап аты − Әбу Мансур.

Ілімі мен білімінің тереңдігіне (Әһлу сунна уа-л жамаға жолына жасаған қызметіне) байланысты халық оны «Имаму-л-һуда», «Имаму-л-мутакаллимин», «Имаму Әһли ас-сунна», «Раису мәшаайхи Самарқанд» деп атаған.

Орта ғасырда өмір сүрген, қазақ даласынан шыққан ғалым, 628/1230-1231 жылы Алмалық қаласында (қазіргі Жаркент өңірінде) дүниеге келген Жамал Қарши, шын аты Әбул-Фадл Мухаммад ибн Омар ибн Халид «Мулхақат ас-сурах» атты еңбегінде:

«Жақын кезеңде өмір сүрген Құран тәпсіршілерінің ішінен біздің имамдарымыздың, рухани көсемдерінің бірі, «әт-Тәуилатул-Құран» кітабының авторы Мұхаммед Абу Жағфар Мансұр ибн Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмұд әл-Матуриди әс-Самарқанди – «Әһли сүннет уәл-жамағат» ғалымдарының ұлығы, тура жолдың биік байрағы, заһид имам.

Осыған орай, Әбу-л-Му῾ин ән-Нәсәфи өз еңбегінде ол жайлы былай деген: «Оның еңбектерін көріп, танысқан адам, оның жай адам емес екенін, оған Алла Тағала тарапынан «караматтар» мен ерекше қабілеттер берілгенін, сондай-ақ оның әл-Ғани, әл-Хамид болған Хақтан қолдау тауып, тура жолға, дұрыс шешімге бағытталғанын көрері анық.

Ал оның бір басынан табылатын түрлі діни және хикмет ілімдеріне келсек, әдетте оның бәрі ғылым жолындағы көптеген маңдайалды тұлғалардың дағы бойынан табыла бермейді. Міне сондықтан да, оның ұстазы шейх Әбу Наср әл῾Ийади шейх Әбу Мансур келмейінше, ғылыми мәжілістерінде сөйлемейтін (яғни дәрісін бастамайтын) болған. Сондай-ақ оны алыстан көрген сайын оған таңырқай әрі тамсана қарап: «Раббың қалағанын жаратады және таңдайды» ‒ деген аятты оқитын болған.

Имам әт-Тафтазани: “Әһлу сунна ғалымдарының Ақидада ұстанатын екі жолы бар. Ирак, Шам (Дамаск) және Хорасан аймағы имам Әбу Хасан әл-Әшғаридың жолын негізге алған Әшғари мәзһабы. Ал, Мауараннаһр төңірегі “ Имаму һуда” деген атпен танылған Әбу Мансур әл-Матуридидің жолын негіз еткен Матуриди мәзһабы” деген.

Абдулла ибн Бишр әл-Ғунауи жеткізген хадисте Алла елшісі Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Константинополь міндетті түрде ашылады (Ислам жетеді), оны ашқан қолбасшы қандай ғажап, игі адам, оның әскері қандай керемет! деп, 1453 жылы Мұхаммед ибн Мұр ад ибн Мұхаммед ибн Осман, лақап аты – Сұлтан Мұхаммед әл-Фатихтың (ашушы Мұхаммед) Константинопольді ашып, «Ислам бол» атап (кейін Стамбул деп аталып кеткен), исламға қосқан үлесін сегіз ғасыр бұрын хабарлап кетті.

Айдаһардай айбарлы Византияның ең көркем қаласы Константинопольді басып алған Мұхаммед әл-Фатих өте білімді әрі ғалым болған. Ол имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебін ұстанған.

Егер кейбіреулер айтқандай, имам Матуриди және оның жолындағылар адасқан болса, онда Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) матуридилік дәстүрлі жолды ұстанған Мұхаммед әл-Фатихты сонша мақтар еді? Әрине, мақтамас еді. Ендеше, Расул Кәрим Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) «…қандай игі адам!» деп мақтаған матуридилік жолды ұстанған мұсылмандарды адасқан, имансыз деп сөгуге адамның дәті қалай барады?!

Нәжмеддин Омар ән-Нәсәфидің (ө. 537/1142) кітабында Матуриди мен әс-Самарқандидің ерекше талабы мен қабілеттері жайында риуаяттар келтіріледі. Ибн Яхияның да айтуы бойынша Матуриди өз дәуірінің білім, түсінік, қабілет және парасаттылық тұрғысынан бетке ұстар ғалымы болған.

Досы әрі шәкірті Хаким әс-Самарқанди Матуридидің мазар құлыптасына: «Бұл бүкіл өмірін ілімге атаған, күш-жігерін ілімнің тарауы және үйретілуіне жұмсаған, дін жолындағы еңбектері ел аузында қалған, өмірін жемісті өткізген адамның қабірі» деп жаздыруы да мұның айғағы.

Матуридидің көзқарастары жүйеге орнығып, таралуына көп үлес қосқан, тіпті Матуридия кәләм мектебінің негізін қалаушы екінші тұлға болып есептелетін Әбул-Муғин ән-Нәсәфи (ө.508/1115), Матуридиге деген ғалымдардың осыншама құрметі мен ілтипатын оның Аллаһтың ерекше бір мейіріне, жәрдеміне және сүйіспеншілігіне бөленген құл болуымен түсіндіреді. Оның айтуынша Матуридидің бойындағы діни және парасаттылық қабілеттер мен ілімдердің барлығы бір ғана адамның бойынан табылуы қалыпты жағдай емес.

Бұл Алланың бір сыйы. Оның еңбектеріндегі жіңішке ойлар, терең мағыналар, қолданған әдістемесі, жаңылысқандарды түзетудегі әдептілігі, айқын дәлелдер келтіруі секілді жайттар мұның айғағы. Сондай-ақ Нәсәфи Матуридидің Тәуилатул-Қуран атты тәфсиріне тең келетін сол салада кітап әлі жазылмағандығын айта отырып былай дейді: «Ілім теңізінің тереңіне сүңгіп, одан інжу-маржандар алып шығатын, дінді айқын дәлелдерімен меңгерген, парасаттылығы мол екендігін және осы мақтауларға шын мәнінде сай екендігін басып айтады.

Әбу-л-Му‛ин ән-Нәсәфимен қатар имам Матуриди және оның еңбектері жайлы аз да болса мәлімет берген тағы бір ғалым Нәсәфидің аға буын замандасы Әбу-л-Йуср әл-Баздауи/әл-Паздауи (қ.ж. 493/1100) болды. Ол өзінің «Усул әд-дин» атты еңбегінің кіріспесінде Матуридидің сунниттік бағыттың белді көсемдерінің бірі әрі (Алланың әулие құлдарына ғана тән) бірқатар таңғажайып істердің иесі (сахиб карамат) болғанын тілге тиек етіп, оның сунниттік сенім негізінде жазылған «таухид»/«ақида» ілімі бойынша бірқатар құнды еңбектерін тауып оқығандығын айтқан. Ол Матуридидің таңғажайып істері (карамат) жайлы өз әкесінен, ал әкесі болса, атасынан естіп, білгенін айтқан. Әбу-л Йуср әл-Паздауидің арғы атасы Матуридидің өзінен тәлім алған ᾽Абд әл-Карим әл-Паздауи екені белгілі.

Имам Забиди “Ихья улумуд-динге” жазған шархында имам Матуриди туралы: “Дінде үлкен орны бар, ақида саласындағы еңбегі ерекше. Муғтазила және сол сияқты адасқан ағымдардың жасырған жаман ойларын әшкере еткен ғалым” деген.

Осындай дәрежелі Имам Матуриди Әбул-Қасым Исхақ бин Мухаммед бин Исмаил әл-Хаким әс-Самарқанди (ө.340/951), Әбул-Хасан Әли бин Саид әр-Рустуғфани (ө.345/956) және Әбу Мухаммед әл-Пәздауи (ө.390/1000) секілді талай саңлақ ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Бұлар оның кәләм әдістемесін жалғастырып әкетті.

Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

“Иманғали” мешітінің ұстазы.