Исламдағы бала тәрбиесі

Ислам діні ата-ана мен баланың қарым-қатынасын жақсы деңгейде болуын назарда ұстайды. Осы мақсатта ата-анаға артылатын міндеттер аса маңызды.

Ол үшін баланың бүгіні ғана емес ертеңгі өміріне де дайындық жасалуы талап етіледі. Яғни, Алланы танытып, иманды, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Бала тәрбиесінде не мәселеге ерекше назар аудару қажет. Балаларымызды қалай тәрбиелеуіміз керек? Тәрбиеде нендей нәрселерге мән беруіміз керек, соған тоқталып өтсек.

Тәрбиеде “былай істе, мұны істеме” деудің орнына жүріс-тұрысымызбен балаға үлгі болуымыз керек. Өйткені әл-әрекеттеріміз сөзге қарағанда көбірек әсер етеді.

Бір сауда керуені түнделетіп Мәдина қаласының сыртына қонақтайды. Әбден шаршаған жолаушылар қалың ұйқыға батады. Бұларды көрген халифа хазіреті Омар, Абдуррахман бин Ауфқа: «Бүгін түнде бір керуен келді. Барлығы кәпірлер екен. Бірақ бізге сенім артып келген екен. Олардың заттары құнды және көп екен. Қарақшылар немесе жат елдік адамдар бұларды тонап кетуі мүмкін. Сондықтан барып оларды күзетіп қорғап тұрайық!»,- дейді. Таңға дейін күзетіп, таң намазында мешітке кетеді.

Керуендегі бір жігіт түні бойы ұйықтамай, бұларды аңдып шығады. Сұрастыра келе бұл екі кісінің біреуі халифа екендігін білгенде, достарына келіп болған жайды айтады. Халифаның бұл ісіне тәнті болған жолаушылар, ислам дінінің хақ дін екендігін түсініп, барлығы мұсылман болады. Әкесі темекі шегетін, құмар ойнайтын болса, баласына “бұларды істеме!” деп айтуы оншалықты әсерлі болмайды.

Өйткені бала “бұлар жаман болса, әкем жасамайтын еді” дейді. Жақсы нәрселер жасалынса балаға үлгі болады. Балаға жақсылық жасаудың пайдасын түсіндіру керек. Осылайша бала өзімшіл (эгоист) болудан құтылады. Өзімшіл болып өскен балалар қоғамға үйлесе алмайды, тіпті салт-дәстүр, әдет-ғұрып және заңды да танымайтын болады.

Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Сондықтан жанұядағы имандылық – бала тәрбиесінің басты қайнар бұлағы. Тәрбиені діннен бөліп қарауға әсте болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Бірде екі жасар баласы бар, әйел: пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, тәрбиені қай жастан бастайың? – деп сұрағанда.

Алла елшісі (с.ғ.с) «Екі жыл кеш қалдың», – деген екен. Және пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Сендердің бәрің бақташысыңдар, бәрің өз отарларына жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты. Ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты. Ал, әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы, әрі соларға жауапты. Кісінің құлы қожайының малына бақташы, әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар, әрі бәрің де өз отарларына жауаптысыңдар!», – деген екен.

Ата-ананың міндеттеріне келер болсақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді».

Олай болса, әрбір мұсылманның бірінші міндеті – баласына ислам дінін және Құран Кәрімді үйрету. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне тағы бір назар аударсақ, «Ата-ананың бала алдында үш міндеті бар. Олар: балаға жақсы ат қою, дұрыс тәрбие беру, уақыты келгенде үйлендіру» деген жолдарды оқимыз.

Иә, Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, жақсы есім қоюға шақырған. Сондықтан балаға есім берерде бұған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Баланың өз ортасында жүзі жарқын жүруіне, жақсы кісілерге еліктеп өсуіне де балаға берілетін есімнің берері мол.

Бала алдындағы екінші міндет – дұрыс тәрбие, яғни дінге сауатты, көзі ашық, саналы ұрпақ өсіру. Әр ұл мен қыз ата-анасынан жақсы тәрбие алуға құқылы, ал ата-ана өз алдына бұған аса жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Құран аяттарында: «Отбасыңа намазға оқуды үйрет. Өзің де оны сабырмен жалғастыр», – делінген. Мухаммад Ибн Абдуллаh (р.а.) риуаят еткен хадисте «Сахабалар: «Баланың ізгі болуы – Алла Тағаладан, ал әдептілік – әкеден» деп айтатын».

Яғни, Жаратушы тағдырға ізгілікті жазғаннан кейін, әкенің міндеті – баланы мұсылмандық әдепке үйрету. Араб тіліндегі «әдаб» сөзі өзіне жақсы мінез-құлық, сөз және ісінде басқалардың алдында абыройлы болу, ұятқа қалудан сақтану тәрізді қасиеттерді қамтиды.

Ер жеткен ұлын үйлендіріп, бой жеткен қызын құтты орнына қондыру да ата-ананың бала алдындағы міндетінің бірі. Әбу Хурайрадан келген риуаяттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әкедегі бала ақысының бірі – балиғат жасына толғанда өзін үйлендіру». Басқа бір хадисте уақыты келсе де баласын үйлендіріп, аяқтандырмаса, баласының күнә істеуіне себеп болса, бұған әкесі жауапты екендігі ескертілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген, сондықтан қазіргі таңда діни сауаттылық еліміз үшін киелі міндеттердің бірі болып саналады. Қандай жағдайда да діннен дәріс алып, балаларымызды шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлгеніміз жөн. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басшылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алатын, ұлттық болмысымыздың қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білейік.

Ерлан САҒЫНОВ,

«Әйіп қажы» мешітінің наиб  имамы.