Истиқамат – тура жолмен жүру

       Біздей әлсіз құлдарын Исламмен, иманмен, Құранмен және басқа да тауысуға болмайтын сансыз нығметтерімен табыстырған Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын!

      Адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед Мұстафаға, Оның әулетіне және асхабына салауат пен сәлемдер болсын!

      Истиқамат – қандай бір мақсатқа жетуде тура жолмен, үздіксіз, тоқтамастан, үнемі жалғастыра отырып алға жылжу деген сөз. Ал шариғаттағы мағынасы – Аллаға иман келтіру, Мұхаммед ﷺ пайғамбардың сүннетін берік ұстану, нық тұру деген мағынаға саяды.

       Хаққа жету үшін тура жолдан өзге жолдың жоқ екені ақиқат болса, үнемі истиқаматты ұстанудай қиын істің жоқтығы тағы бір ақиқат.Сондықтан да, Хақ жолында истиқамат үлкен керемет болып саналған.

       Истиқаматты ұстанушылардың жолы – сиратул- мустақим яғни, тұп-тура жол.Осы тұп- тура жолда жүре алатындар жайлы Құранда:

 «Кімде –кім Аллаға және Елшісіне итағат етсе, міне солар Алла мейірім еткен Пайғамбарлар, шыншылдар, шейіттер және ізгі құлдармен бірге болады. Бұлар- неткен жақсы достар!» (Ниса сүресі, 69 аят)

    Сиратул-мустақим – таңдаулы пенделердің жолы. Истиқаматтың негізі иман мен тақуа. Осы екеуінің орны – жүрек. Пайғамбарымыз ﷺ :

«Тіл дұрыс болмаса –жүрек түзелмейді.Ал жүрек дұрыс болмаса – иман дұрыс болмайды»(Ахмед198)

    Кейбір ғалымдардың айтуынша, тура болу 3-ке бөлінеді. Олар:

1.Тілмен тура болу;

2.Ықыласпен тура болу,яғни құлшылықта табандылық таныту;

3.Жүрекпен тура болу, яғни шаһадат сөзінде беріктік көрсету;

Хазірет Әнастің(радиаллаһу анһу) риуаяты бойынша Алла Елшісі ﷺ мына бір аятты оқыды: «Шынында да, «Раббымыз Алла» деп, кейін истиқаматта болғандарға періштелер түседі де: «Қорықпаңдар, қайғырмаңдарң сіздерге уәде етілген жәннәт үшін қуаныңдар!» деп айтады»(Фуссиләт 30аят). Кейін былай деді:

«Адамдар осы сөзді(яғни,Раббым Алла дегенді) үнемі айтты, бірақ та көбісі артынан кәпір болып кетті. Кім осы сөзді ұстана жан тапсыратын болса, сол адам истиқаматты ұстанған болады»(Тирмизи Тәпсір 41/3250)

Суфян бин Абдилла(радиаллаһу анһу) былай дейді:

Пайғамбарымызға ﷺ :

– Уа, Алланың Елшісі! Маған Исламды сондай түсіндіріңіз, нәтижесінде басқа біреулерден сұраудың қажеті қалмасын,- дедім.Сонда Пайғамбарымыз ﷺ :

«Аллаға иман келтірдім де, кейін тұп- тура бол» деп жауап қатты(Муслим, Иман,62)

  Ұлы тұлғалардың бірі артына отын артып, әрең келе жатырған қарт адамды кездестіріп қалады. Оған қарап:

 – Ей қария! Сіз Алланың ризық беретініне сенбейсіз бе, осы жасыңызда да қатты еңбектеніп күй кешудесіз ?! Әлде , сізге қарайтындай ешкіміңіз жоқ па?- деп сұрады.

Қария отыншы ол кісінің әлі кәміл еместігін байқап, көздерін көкке қаратты да, қолдарын ашып дұға қылды:

 – Уа, Алла! Осы отындарды алтынға айналдыршы…

  Әлгі кісі дұға етіп болмастан, әп- сәтте отындары алтынға айналып қалды. Бұны көріп сасып қалған кісі:

  – Осыншама керемет деңгейге жеткен екенсіз ғой, неліктен қиналып, отын тасып жүрсіз?- деп сұрады.

 Сонда отыншы былай жауап берген екен:

  – Балам. Мен бұл тірлігімді нәпсіме беріліп , оған құл болып кетпес үшін жасап жүрмін.

   Шын мәнінде де, Хақтың құзырында амалдардың қабыл болуы – құлшылықты дұрыс жасауға байланысты».

Қорыта айтатын болсақ, тура жолмен жүру әрбір мұсылман үшін қажетті. Ардақты сахабалардың бірі болған – Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһу) сөзімен тәмәмтасақ.Ол (радиаллаһу анһу) сахабаларынан «Истиқамат деген не?» деп сұрайды, олар: «Күнә істемеу»- деп жауап береді. Сонда ол: «Өте қиындатып жібердіңдер ғой. Олай емес, бәлкім иман келтіргеннен кейін қайта пұттарға құлдық етіп, ширк амалға қайтпау».- деген.

Алла Тағала біздерді тура жолында жүргізіп, тура жолында жүріп жанымызды алуды нәсіп етсін! Әумин!

Жасұлан Лесбайұлы,

Әт- Тақуа мешітінің наиб имамы