Маңғыстауда 9 дін қызметкеріне кіші қажылыққа жолдама берілді

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы өңір имамдарымен жүздесті.

Маңғыстау аймағының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Бас мүфтиге жеті жұмыс бағыты бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы баяндады.

Маңғыстау облысының аудан және қала имамдармен жүздескен Бас мүфти имамдық жауапкершілігі жоғары қызмет, Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирас болған ұлы міндет екенін айта келіп, дін қызметкерлерін ыждағатпен, ықыласпен еңбек етуге шақырды.

Кездесу соңында Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына қарасты мешіттерде ұзақ жыл қызмет атқарған және шалғайдағы елдімекендерде қызмет атқарып келген дін қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 9 дін қызметкеріне кіші қажылыққа жолдама берді.

Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің молдасы Нұрлан Қылышов, Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Ақмарал Сисембайқызы, Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылдық «Мұхамедин Шихыұлы» мешітінің имамы Бералы Жалғасбайұлы, Қарақия аудандық мешітінің бас имамы Руслан Сержанұлы, Қызылтөбе ауылдық «әл-Хаким» мешітінің наиб имамы Дінмұхамед Байбозов, Маңғыстау ауданы Шайыр ауылдық мешітінің имамы Құралбек Исаұлы, Бейнеу ауданы Тұрыш ауылдық мешітінің молдасы Қонысбай Жәдігерұлы, Баутин ауылдық мешітінің имамы Абдилсамат Шералыұлы және ҚМДБ Діни және оңалту бөлімінің өңірдегі жауапты маманы Азамат Нұғманұлы Бас мүфтидің қолынан кіші қажылыққа жолдама алды.