Мешіт салдырған Мұхамедия туралы не білеміз?

Дін Исламға қызмет еткен қайраткер тұлғалар қазақта көп. Өкінішке қарай біразын біле де бермейміз.

Совет үкіметі орнаған 20-жылдарға дейін қазақ даласында небір хазіреттер, ишандар мен ахундар болғанын, олар қазақтың діні үшін тер төгіп, жан бергенін там-тұмдап естіп келеміз. 20-40 жылдар аралығында қазақтың діни қайраткерлері қуғындалып, азап шегіп, Қазақ жеріндегі Ислам дінінің аяғына тұсау салынды.

Тек 40-жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай Ташкентте Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары құрылып, ел ішінде діни насихат айтуға, мешіт-медресе салуға сәл де болса кеңдік берілді. Сол уақытта Мұхамедия Байменов Жезқазандағы алғашқы мешітті салдырған болатын.

Қазір айтуға оңай болғанымен ол кезде мешіт салдыру ерлікке пара-пар іс еді. Бұл мешіттің қалай ашылғаны туралы Мұхамедия Байменовтің ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Айгүл Уайсоваға әңгімелеп берген екен.

Оның айтуынша, әкесі Мұхамедия мешіт ашуға дайындығын 1976-77 жылдары бастапты. Алайда ол кезде шіркеу ашу үшін тек республика деңгейінде рұқсат алса жеткілікті екен. Ал мешіт ашу үшін Мәскеудің, Орталық Комитеттің рұқсаты қажет болған. Мұхамедия Байменов мешіт ашуға рұқсат беруін сұрап, Орталық Комитетке хат жазған. Алайда жазған хаттары облыстан әрі аспай, қайта-қайта түзетіліп, иесіне қайтарылып отырған. Мұхамедия соған қармастан сабырлық танытып Алла жолындағы ісін тоқтатпауға бекінген. Осылайша айналдырған бір жарым жылда 15 рет хат жазылған. Соңында облыс басшылығы Қауіпсіздік комитетіне тапсырма беріп, Мұхамедияға қарсы әрекеттер ұйымдастырған.

«Менің есімде қалғаны, арадағы хат-қағаздардың бәрі әпкем Зейнураның қолымен жазылатын. Жазуы жақсы еді. Алайда әкейдің сауатты әрі табанды әрекетіне қарсы тұруға өкіметтің қауқары қалмайды. Сол уақыттағы заң бойынша 100 адамды мұсылман қауымы ретінде тіркеуі тиіс екен. Заң бойынша бірінші рұқсатты қалалық атқару комитеті береді. Одан облыстағы дін істері жөніндегі уәкіл, сосын облыстағы атқару комитеті шешім шығарады екен. Одан кейін Қазақстанның дін істері уәкілінің рұқсатын алып, Ташкенттегі мүфтияттың оң шешімінен соң КСРО дін істері уәкілінің соңғы кесімі керек. Оның шешімі шыққан соң Өзбекстандағы мүфтият мөр дайындап, рұқсат береді. Оған тағы төрт жылы кетті.

Мешіт тіркелгеннен кейін жамағатымен бірге арнайы қор ашқызып, ортадан қаражат жинап Дайрабай деген кісінің үйін сатып алып, әкем азан шақырып, жамағатын намазға ұйытты. Кеңес дәуірінде барлық мешіттер жабылып болғанда, табаны күректей төрт жыл күресіп жүріп, қайраткерлігінің арқасында жаңа мешіт ашуға қол жеткізді» дейді әкесінің баға жетпес ерлігі туралы Әлихан Бәйменов.

Мұхамедия Байменов 1914 жылдардан бастап Қарнақ, Шорнақ, Ақтас медреселерінде оқыған екен. Сол кездері Жаңақорғандағы Ақтас мешітінің бас имамы, ел ішінде «Қарамолда» аталып кеткен Мұхамеджан Нұрекеұлының (1988-1937) шәкірті болыпты. Осы Мұхамеджан молда жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың әкесі екен.

Ол кезде медреселерде шариғат пен ғылым – араб, әдебиет – парсы, сопылық ілім мен жергілікті ғылымға байланысты еңбектер шағатай тілінде оқыталды. Әлихан Байменов әкесінің осы Қарнақ, Ақтас медреселерінде және Бұхарада оқыған кезде пайдаланған кітаптарының бірі «Хаяту Хаяван» еңбегін елордадағы Ұлттық кітапхана қорына тапсырған болатын.

«Хаяту Хаяван» – зоология кітабы жануарлар әлемі туралы энциклопедия. Авторы – ХІV ғасырда Мысырда өмір сүрген көрнекті ғалым Абу Бака Камалуддин Мұхаммед ибн Мұса Иса ибн Али. Кітап арабтың «насх» каллиграфиялық жазуымен жазылған. 1900 жылы Қазан баспасынан қайта басылған.

Мұхамедия Баймұхамедұлы 82 жасында бақилық болды. Дүниеден өткен күніне дейін маңдайы сәждеде болып, Ислам дінінің қазақ жерінде қанат жаюы үшін қызмет етті. Жалпы сол кездердің діни тұлғалары халыққа Ислам қағидаларын жеткізіп, жұрттың рухани кемелденуіне зор үлес қосқан болатын. Олар Құранды, хадисті, жалпы дінді ғана оқытып қоймай, оларды ұлттық дәстүрмен ұштастырып, адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік, адалдықты негіз еткен қарапайым адамға түсінікті ережелер жинағын қалдырды. Сол ережелер бойынша бала оқытып, жастардың санасына дін мен дәстүрді қатар сіңдірді.

«ХХ ғасырдың басындағы білім беру жүйесі, қандай пәндер оқытылғанын, олардың дәрежесі мен деңгейі толық зерттеліп, арнайы басылым етіп шығарылса, сонда ол ортаның Алаш қозғалысына, халықтың дүниетанымына қосқан үлесі мен сол кездегі қоғамдағы маңызына баға берілер еді. Қазақ жеріндегі медреселерде дінтану, дүниетану, өзін тану біртұтас оқытылған.

Түркі иман – шағатай тілінде Ясауи жолының әдебі оқытылуының сыры сонда. Математика, жағрапия, ботаника мен зоология, жұлдызнама дүниетануға біріктірілсе, діндердің тарихы – «тарауих аднан» оқытылып, шәкірттерді жоғары деңгейде даярлаған екен. Мұны теолог-ғалымдар растап отыр. Осы жүйені жоққа шығару үшін совет заманында «қазақ қараңғы болды» деген тезисті енгізді. Ол қараңғылықты араб қарпін латынға ауыстырып «жылдамдатты». Сол тезисті ақтап алу үшін үйінен бір бет арабша жазуы бар қағаз табылғандар қуғындалды. Отбасымызда төрт сандық кітапты Білеуті жақтағы бір жерге көмуге мәжбүр болды» дейді Әлихан Мұхамедияұлы.

Иә, қазақты қараңғы қылуға тырысып баққан совет заманында мешіт-медресе ашып, байырғы мектептің соңғы шәкірттері болған Мұхамедия Баймұхамедұлы секілді ескі дәуірдің адамдары ұлттық құндылықтарымыздың шырақшысына айналған еді.

Сая ҚЫЗЫЛБАЕВА,

«Мұнара» газеті, №15, 2020 жыл