Жұмыспен қамту: 1,2 млн қазақстандыққа қолдау көрсетіледі

amin.kz/ 18 тамыз, 2020 жыл. Биылғы жыл соңына дейін 1 млн 220 адамға қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жұмыспен қамту шараларын талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың жол картасын және басқа да салалық бағдарламалдардың аясында жұмыспен қамту шаралары 743 мың адамды қамтыды. Жылдың соңына дейін 1 млн 220 адамға қолдау көрсетілетін болады», – деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі белгіленді.

Осы жобалар аяқталған соң, аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазақстандықтарға кәсіпкерлікпен айналысуға 5 800 жеңілдетілген несие, 17 200 қайтарымсыз грант берілгенін айтты.