Мұсылманның ақылары

         Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

– Кездескенде сәлем беру

– Шақырғанда бару

– Түшкіргенде «Жәрәкімалла» деп айу

– Ауырғанда көңілін сұрау

– Қайтыс болғанда жаназасына қатысу

– Сенің атыңа ант ішсе, іске асыру

– Насихат сұрағанда насихат айту

– Өзі жоқ кезде, сыртынан қорғаштау

– Өзің үшін жақсы көрген нәрсені ол үшін де қалу

– Өзің үшін жек көрген нәрсені ол үшін де қаламау.

Бұлардың барлығы хадистер мен сахабалардың сөздерінде айтылған. Әнәс (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін риуаят еткен; «Төрт нәрсе сенің мойныңдағы мұсылмандардың ақысы; сауапты іс жасаушыға жәрдемдесуің; күнәлі іс істеушісі үшін Алладан кешірім сұрауың; жолдан тайғандарына дұға етуің; тәубе етушілерін жақсы көруің» (Дәйләми «Муснәдуль – Фирдәус»)

         Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла Тағаланың «Олар өз араларында мейірбан» Фатһ сүресінің 29 аятының тәпсірінде: «Мұсылмандардың жақсысы жаманына, жаманы жақсысына дұға-тілекте болады. Мұхаммед үмметінің жаманы жақсысын көрген кезде: «Уа Алла Тағалам! Бұған берген қайырыңды берекелі қыла гөр! Оны осы жақсылықта мызғымас қыл! Әрі бізді одан пайдаландыр!» дейді. Ал жақсысы жаманын көрген кезде: «Уа Алла Тағалам! Бұны тура жолыңа салып, тәубеге келтіре гөр! Оның күнә – кемшіліктерін кешіре гөр!» – деп дұға жасайды» – деген.

Мұсылман мен мұсылманның өзара ақыларының кейбіріне қысқаша тоқтала кетсек:

Мұсылмандардың тағы бір ақысы – адамдардың бір-бірі жайындағы сөздерге құлақ түрмеу және естігенін келесі адамға жеткізіп бармау. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сөз тасушы жұмаққа кірмейді» деген.

Халил ибн Ахмад: «Саған сөз тасыған сенің де артыңнан сөз тасиды. Біреу жайлы саған айтқан адам, сен жайлы да басқаларға айтады» дейді.

Мұсылманның ақыларының бірі – қанша ашуланса да, танысымен үш күннен артық араздаспау. Әбу Аюб Ансари айтады: «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылманның бауырымен үш күннен артық араздасып, кездескенде екеуі екі жаққа теріс айналуы халал емес. Ол екеуінің ең жақсысы – бірінші болып сәлем бергені.» – деген. (Бухари, Муслим)

Келесі хадисінде:

«Кім бір мұсылманның қателігін кешірсе, Алла Тағала қияметте оны кешіреді.» (Әбу Дәуд, Хаким)

Икрима айтады: «Алла Тағала Жүсіп (а.с) пайғамбарға: «Бауырларыңды кешіргенің үшін сенің даңқыңды екі дүниеде де асқақтаттым» – деген.

Айша анамыз (р.а) айтады: «Алла елшісі өзіне қатысы істе ешқашан кек алған емес. Тек Алланың тыйым салған нәрсесі аяқ асты болса, онда Алла үшін кек алатын».

Ибн Аббас (р.а): «Кісі егер жасалған зұлымдықты кешірсе, онда міндетті түрде Алла оның абыройын арттырады».

Пайғамбарымыз  «Садақа малды кемітпейді. Алла Тағала кешірімділік арқылы адамның тек абыройын арттырады. Қайсыбір адам Алла үшін кішіпейіл болатын болса, Алла оның дәрежесін міндетті түрде көтереді» (Мүслим).

         Мұсылманның ақыларының бірі – олардың барлығының айыптарын жасыру. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде:

         «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала оның айыбын дүниеде де, ақыретте де жасырады» (Муслим)

Тағы бір хадисте: «Уа, тілімен иман келтіріп, жүрегіне иман орнықпаған қауым! Мұсылмандарды ғайбаттамаңдар және олардың айыптарын қудаламаңдар! Кімде-кім бауырының айыбын қудалайтын болса, Алла да оның айыбын қудалайды. Ал, Алла кімнің айыбын қудалайтын болса, ол адам өз үйінің ішінде болса да, масқарасын шығарады» (Әбу Дәуд)

Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) айтады: «Егер арақ ішушіні көріп қалсам, Алла оның айыбын жасырғанын қалаған болар едім. Егер бір ұрыны көріп қалсам, Алла оның да айыбын жасырғанын қалаған болар едім.» деген.

         Қорыта айтқанда «Мұсылман мұсылманға бауыр» деген қағиданы ұстану арқылы бір біріміздің ақыларымызға аса мән беретін боламыз.

         Алла Тағала баршамызға ауызбіршілік пен өзара бауырмашылдық берсін!

  Нұрлан Жарқымбаев,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.