Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеттері

Аллаһ Тағала адам баласын ең көркем пішінде жаратқандығын Құран-Кәрімде тілге тиек етеді.

Мұнымен шектеліп қалмай оған сансыз нығметтер нәсіп етті. Біршама құқық берді. Осы құқық негізін сақтау үшін көптеген қағидалар, ережелер қойды.

Алла Тағала Құранда «Хужурат» сүресінің 10-аятында былай баяндайды:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер».

Нұғман ибн Бәшир (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте:

«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір – біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді.  (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деп айтты» – делінген. (Бұхари хадистер жинағы)

Әбу Әйуб (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманға өзі сияқты мұсылман бауырымен ренжісіп, үш күннен артық қатынаспай қоюына болмайды. Екеуінің жолы түйісіп, жолығыса қалса, бір-бірін көргісі келмей теріс айналады. Ал шынтуайтына келгенде, қайсысы бірінші болып сәлем берсе, сол қайырлы», – деп айтты», – деген

Мұсылманның мұсылманның алдындағы міндеттері жайында пайғамбарымыз (ﷺ):

الْمُسْلِمُ أَخُو الْمُسْلِمِ، لَا يَظْلِمُهُ، وَلَا يُسْلِمُهُ، وَمَنْ كَانَ فِي حَاجَةِ أَخِيهِ، كَانَ اللَّهُ فِي حَاجَتِهِ، وَمَنْ فَرَّجَ عَنْ مُسْلِمٍ كُرْبَةً، فَرَّجَ اللَّهُ عَنْهُ كُرْبَةً مِنْ كُرُبَاتِ يَوْمِ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ سَتَرَ مُسْلِمًا، سَتَرَهُ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Аллаһ тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Аллаһ тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Аллаһ тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп  айтты» – делінген. (Мүслім хадистер жинағы) 

Мұсылманның  мұсылман алдындағы  міндеттері бірі  – жақсылықта жәрдемдесу, жамандықта қашық болу, Алла тағала Құран кәрімде:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» (Мәида сүресі, 2-аят)

Әбу һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында бес міндеті бар: «Сәлем бергеннің сәлемін алу, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерден қалмай бару және түшкіргенге «йәрхамукаллаһу» (Алла сені рақымына бөлесін) деп айту», – деген» – делінген. (Мүслім хадистер жинағы)

Құранда Хашр сүресінің 9-аятында былай делінген:

وَلَا يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِّمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ

«Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді».

Керісінше мүминдердің бір-бірін жақсы көрулері – Аллаһ Тағала разы болатын жақсы қасиеттердің бірі. Сондай-ақ, екі дүниеде де бақытты болу осы шынайы махаббатқа байланысты. Осы орайда, Әлемнің мақтанышы мырзамыз былай деген:

«Қиямет күні Аллаһ Тағала былай деп бұйырады: Менің әміріме мойынсұнып, бір-бірін жақсы көрген пенделерім қайда? Оларды Аршымның көлеңкесінен басқа ешбір көлеңке болмайтын осы күні өз көлеңкеме паналатайын». (Мүслим, Бирр 37)

«Аллаһ Тағала: «Менің разылығым үшін бір-бірін сүйгендерге, тіпті пайғамбарлар мен шәһидтердің өзі қызығатын[1] нұрдан жасалған  мінберлер бар» деді». (Тирмизи, Зүһд 53/2390)

Мүмин бауырлардың бір-бірімен ренжісулері ешуақытта қабыл етілмейтін әрекет. Бұл жайында Расулүллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай дейді:

«Кез-келген мүминнің дін бауырымен үш күннен артық ренжісіп жүруі халал емес. Үш күн өткен болса, онымен кездесіп, оған сәлем берсін. Егер сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Ал егер сәлемін алмаса, сәлемді алмаған кісі күнәһар болады. Сәлем берген кісі реніші басылып, орайынан қайтқан болып есептеледі». (Әбу Дауыт, Әдеп 47/4912)

«Кімде-кім дін бауырына ренжіп, онымен қарым-қатынасын бір жыл үзсе, оның қанын төккендей күнәға ие болады». (Әбу Дауыт, Әдеп 47/4915)

Өнегелі оқиғалар

Бір күні Расулүллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм Мұғаз радияллаһу анһтың қолынан ұстап тұрып:

«-Ей Мұғаз! Аллаһқа ант етейін, мен сені шынымен жақсы көремін» деді. Сонда Мұғаз радияллаһу анһ:

«-Ата-анам саған құрбан болсын, уа Аллаһтың елшісі! Мен де сізді өте жақсы көремін!» деп жауап қайырды. Кейін Аллаһтың Пайғамбары оған:

«-Ей Мұғаз! Әр намаздың соңында: «Аллаһым! Өзіңді зікір етуіме және Өзіңе шүкірлшілік қылуыма әрі жақсылап құлшылық жасауыма жәрдем бер!» деген дұғаны айтып жүруіңді өсиет етемін» деді. (Ахмед, V, 244-245; Әбу Дауыт, Үтір 26; Нәсай, Сәһу 60; Тирмизи, Зүһд 30).

Расулүллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай дейді:

«Аллаһтың құлдарының ішінде бір топ адам бар. Олар пайғамбар да, шәһид те емес. Бірақ, қиямет күнінде Аллаһтың жанындағы мәртебелеріне қарай оларға пайғамбарлар мен шәһидтер қызыға қарайтын болады».

Қадірлі сахабалар:

«-Уа Аллаһтың елшісі! Олар кімдер? Қандай амал жасаған екен? Бізге кім екендерін айтыңыз, оларға сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымызды білдірейік» деді.

Расулүллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм:

«-Олар – араларында ешқандай қан-туысқандық, сауда-саттық, іскерлік байланыс болмағанына қарамастан, Аллаһ разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер. Аллаһқа ант етейін, олардың жүздері тұнған нұр, әрі өздері нұрдан жасалған мінбердің үстінде тұрады. Адамдар үрейленіп, қорқып тұрғанда олар да ешқандай қорқыныш сезімі болмайды. Адамдар қайғырып тұрғанда олар қайғырмайды» деді. Сосын мына аятты оқыды:

«Біліп қойыңдар! Аллаһтың достарына ешқандай қорқыныш жоқ. Олар қайғырып, мұңаймайды да. Олар – Аллаһқа иман келтіріп, (қарсы келуден) сақтанғандар. Міне, солар үшін дүниеде, әрі ақыретте сүйінші бар. Аллаһтың сөздерінде ешқандай өзгеріс болмайды. Міне, бұл – ең ұлы жеңіс. (Юнус, 62-64) (Әбу Дауыт, Буюғ, 76/3527; Хаким, ІV, 170).

Қысқасы, Аллаһ Тағала дін бауырлардың бірін-бірі жуатын екі қол сияқты болғандарын қалайды. Аллаһ разылығы үшін болған шынайы достық – денелері екі бөлек екі түрлі адамның бір жүрекпен өмір сүруі демек. Дін бауырластығы деген жауапкершілікті сезімталдықпен, жанқиярлықпен атқаруға жан салып жүргендердің өмірі жалған дүнеиден өткен соң да жалғаспақ. Олар әруақыт жақсылықпен ескеріліп отырады. Тап Мұһажирлер, Ансарлар және көңілін бір қайырымдылық жолына арнаған шынайы мүминдер іспетті…

Әсіресе бүгінгі күні һидаят жолын іздеушілерге, әлжуаз топ өкілдеріне, жетімдер мен зағип жандарға махаббатқа толы құшақ жайып, мейірімділікпен қарау – Аллаһтың разылығына бөлейтін ең маңызды бауырластық міндетіміз.

Өсімхан АМАНБАЙҰЛЫ,

Атырау қаласы «Әт-Тақуа» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі.