Мұсылманның қаруы дұға

«Дұға» – араб тілінде шақыру, өтіну, тілеу және жалбарыну деген мағыналарды қамтиды.

Ал, діни тұрғыдан алғанда дұға – адамның Аллаһ тағаланың асқан құдіреті мен шексіз ұлылығын мойындап, өзінің әлсіздігі мен қауқарсыздығын сезініп, бар ықыласымен Жаратушысына мінәжат етіп жалбарынуы дегенді білдіреді.


«Дұға» – аса мейірімді, ерекше рақымды Аллаһ тағала мен құл арасындағы рухани байланыстың айқын көрінісі. Шарасыздығын түсінген пенденің жүрекжарды тілектері.


«Дұға» – құлшылықтың мәйегі, адам жанының рухани азығы, сондай-ақ, әлсіз бен мұқтаждың әрі шарасыздың қорғаны. Дұға – Хақ тағаланың түгесілмес қазыналарының құпия кілті. Аллаһ тағалаға деген шынайы иман мен берік тәуекелдің айқын нышаны.

Адамзаттың асыл тәжі ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Дұға – құлшылықтың негізі»[1] – деп, дұғаға үлкен мән берген. Өйткені, дұғасыз өткен өмірде құлшылықтың сазы естілмесе, құлшылықсыз өткен өмірде руханияттың табы білінбейді.

Құран Кәрімнің: «(Уа, Мұхаммед, оларға) Дұғаларың болмағанда, Раббым сендерге мүлдем көңіл бөлмес еді – деп айт»[2] – деген аяты да осынау ақиқатты тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Иә, бұл аяттан құлшылығы жоқ жанның Хақ алдында қадірінің болмайтынын аңғару қиын емес.


Енді бір аятта Алла Тағала: «(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, сенен Мен туралы сұраса: Шынында, Мен оларға өте жақынмын. Маған мұңын шағып, жалбарынғанның дұғасына жауап беремін. Ендеше олар тура жолда болу үшін Маған бойұсынып, иман етсін»[3] – деген. Мұнда да Аллаһ тағалаға шынайы сеніммен мінәжат қылып, ықыласпен тілек тілеген жанның дұғасының қабыл болатыны айтылған.

Бұл ойымызды қуаттай түсетін келесі бір аятта Раббымыз: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін»[4] – деп уәде береді.
Иә, Аллаһ тағала – құлдарының барлық дұға-тілектеріне жауап беруші.

Осы тұста кейбіреулер: «Қанша дұға етіп жатамыз, бірақ сұрағанымыз берілмейді. Сонда бұл аятты қалай түсінуге болады?» – деп жатады. Мына нәрсені білгеніміз жөн: Дұғаға жауап беру бір бөлек те, оны бірден қабыл алу бір басқа. Жоғарыдағы аятта Аллаһ тағала өзіне жасалған барлық дұға-тілектерге жауап беретінін айтты. Ал дұғада сұралған нәрсенің беріліп, берілмеуі яғни тілектің қабыл болып, болмауы Аллаһ тағаланың хикметі мен қалауына байланысты қилы жолдармен жүзеге асады.

Осыған қатысты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Аллаһ тағала өзіне дұға еткен барлық адамның дұғасына жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға еткен адамға сұрағанын беруі арқылы, яки дұғасының сауабын ақыретке қалдыруы немесе еткен дұғасының көлемінде күнәсін кешіру арқылы болады. Бірақ ол пенделікке бойалдырып күнә үстіне күнә жасамаса немесе туысқандық қатынасты үзбесе әрі дұғам қабыл болмады деп асығыстық жасамаса болғаны»[5] – дейді. Яғни, Аллаһ тағала құлының сұраған нәрсесін осы дүниеде береді немесе сауабын ақыретке қалдырады әрі оны жарылқап, күнәларын кешіреді. Мына бір оқиғамен сөзімізді қорытсақ.


Бір ауылда дұғасы екі етілмей қабыл болатын бір адам бар екен. Дұғалары қабыл болмайтын бір топ адам әлгі адамның алдынан шығып, мұның сыры мен жай-жапсарын сұрайды. Дұғасы қабыл болатын адам бір топ адамнан: «Дәл қазір сендер танымайтын бір адам келіп қарызға ақша сұраса берер ме едіңдер?» – деп сұрайды.


Олар бірауыздан:
– Танымайтын адамға қалай қарыз береміз, – дейді.
Жарайды, егер мен сұрасам берер ме едіңдер? – деп тағы сұрақтың астына алады. Сен сұрасаң, әрине, береміз, – дейді. Олардан не үшін беретіндіктерінің себебін сұрағанда, былай жауап қайырады:


– Біз сені жақсы танимыз. Сен сөзіңде тұрасың, өтірік айтпайсың, шыншылсың. Сен әрдайым жақсылық істейсің, – дейді. Сонда әлгі адам:
Міне, Алла Тағала да дәл солай. Өзін жақсы танитын, өзіне берік сенетін, әрдайым Оны еске алатын, құлдық міндетін қолынан келгенше дұрыс атқаратын адамдардың дұғасын қабыл етеді, – деген екен.
Алла Тағала баршамызға қабыл болатын дұға нәсіп етсін!

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
«Мақат аудандық» мешітінің бас имамы
.