Ниқаб кию дұрыс па?

Бүгінде ниқаб кию тақырыбы көпшіліктің талқысына түсуде. Бұл дәстүр біздің ұлттық болмысымызға тән бе?

Қазақ халқы әйелдердің ұятын сақтауды әрқашан құрметтеген, бірақ бұл өз дәстүрі мен мәдениетіне сай түрде жүзеге асқан.
Қазақ аналары кимешек киіп, бет-әлпетін толық жабудан гөрі, ашықтық пен сыпайылықтың арасындағы тепе-теңдікті ұстанды.

Кимешек – біздің ұлттық дәстүріміздің бейнесі, ол әйелдің жасына, мәртебесіне сай тігіліп, әрқайсысына жеке мән берілетін.
Ал ниқаб – бұл араб мәдениетіне тән киім үлгісі. Ол ислам дінінде парыз етілмеген, бірақ кейбір аймақтардағы салт-дәстүрге байланысты киіледі. Қазақ дәстүрінде мұндай киім үлгісі болмаған.

Қазақ қоғамы әрқашан әйелдердің бет-жүзін жаппай, тек әдеп пен ізетті сақтауды міндеттеген. Бет-жүзді толық жабу біздің мәдениетімізге жат болған.
Ұлттың болмысы оның мәдениеті мен салт-дәстүрінде. Бізге басқа халықтардың киімін көшіріп киюдің қажеті жоқ. Өйткені біздің өзімізге тән әдемі де мәнді киім үлгіміз бар.

Қазақтың мәдениеті әдептілік пен ұяттылыққа негізделген. Бірақ бұл ниқаб кию сияқты өзге мәдениеттің элементтерін қабылдауымыз керек деген сөз емес. Әрбір ұлт өзінің дәстүрімен әдемі.

Ұлттық дәстүрімізді сақтап, дініміз бен мәдениетіміздің үйлесімін табу – әрқайсымыздың міндетіміз. Ниқаб кию – араб мәдениетінің элементі. Ал, қазақтың болмысы – ашықтық пен парасаттылықта.

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы, Атырау қаласы